⚡️Ұлағатты ұстазды мерейлі мерейтойымен құттықтады

⚡️Ұлағатты ұстазды мерейлі мерейтойымен құттықтады

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев ұлағатты ұстаз, «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкежанованы 75 жас мерейтойымен құттықтап, Президенттің құттықтау хатын табыстады.

💬«Халқымыз ұлағатты ұстазды ерекше қадірлейді. Осы беделді қызметті абыройлы атқарып, өскелең ұрпақтың сана-сезіміне білім мен тәрбие, жүректеріне ізгілік нұрын құя білдіңіз. Жарты ғасырдан астам ерен еңбегіңіз айрықша бағаланып, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктеріңіз үшін ең жоғары мемлекеттік наградаға ие болуыңыз — зор құрмет», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Алма Шүкежанова – Семейдегі №7 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі. Педагогика саласында үздіксіз 52 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз.

💬«Сізді мерейлі мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің еңбек жолыңыз, әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүргеніңіз кейінгі буынға үлгі-өнеге», — деді облыс әкімі өз құттықтауында.

Ұлағатты ұстазға 2023 жылы Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі және «Отан» ордені табысталды.

Алма Сайдахметқызы – ұлттық құрылтай мүшесі. Ол жас ұрпаққа сапалы білім берудегі қажырлы еңбегімен ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді талқылауға қосқан үлесімен де танымал. Ұстаздың өмірлік жолы – білім мен еңбекке деген шынайы құрметтің жарқын көрінісі.