⚡️АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ ТЕРІДЕН ТОРСЫҚ ЖАСАЙДЫ

⚡️АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ ТЕРІДЕН ТОРСЫҚ ЖАСАЙДЫ

Бородулиха ауданы Ә.Бөкейхан атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ислам Аманбаев теріден торсық жасайды. Торсықтарды ұлттық дәстүрге сай пішіп, қолмен өңдеп, дәстүрлі әдістерді қолданып істеген.

🔹Оқушы алдымен теріні өңдеу процесін бастады. Ол теріні бірнеше күн кептіріп, торсық жасауға дайындады. Тері жеткілікті түрде құрғағаннан кейін, оны арнайы пішін бойынша қиып алып, тігіс орындарын тесіп, қажетті қалыпқа келтірді. Арнайы құралдар көмегімен торсықтың ішкі жағы сұйықтық сақтауға лайықтап тегістелді.
Торсықтың тігілген жерлерін екі инемен ара балауызы арқылы өңделген жіппен тіккен. Торсықты сумен жібітіп, ішіне құм толтырып нығыздап, бірнеше күн бойы кептірді. Осыдан кейін торсықтың ішкі жағын ыстық балауызбен өңдеп, сыртын тобылғы түтінімен ыстаған. Бұл әдіс торсықтың беріктігін арттырып, ұзақ уақыт бойы қолдануға жарамды етеді.

🔎Ислам жасаған торсықтарын заманауи пластикалық ыдыстармен салыстырып, олардың экологиялық артықшылықтарын зерттеді. Оның айтуынша, торсық табиғи материалдан жасалғандықтан, ол экологиялық таза және ұзақ мерзімді. Пластикалық ыдыстар қоршаған ортаға зиян тигізіп, ыдырауы ұзақ уақытты алады.

Оқушы алдағы уақытта торсық жасауды жетілдіріп, ұлттық бұйымдардың басқа да түрлерін жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар этнографиялық зерттеулер жүргізуді көздеп, ұлттық мәдениетті насихаттауды мақсат етуде.

Бұл жетістігі Исламға республикалық және облыстық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындар әкелді. Ол 2019 жылы аудандық және облыстық кезеңдерде бірінші орын алып, 2020 жылы республикалық байқауда үздік атанды.

Айта кетейік, бұған дейін Ислам үй жағдайында шағын су электр станциясын жасаған.

Жетекшісі: Бастауыш сынып мұғалімі Бейбітгүл Ахметжанова.