
Бизнес және сервис колледжінің 2-курс студенті Арайлым Игимбаева Молдованың Кишинев қаласында өткен әлем чемпионатында 50 кг салмақ дәрежесінде оң және сол қолымен күресіп, қос алтын медаль иеленді.
Чемпионатқа әлемнің 60 елінен, оның ішінде Германия, Франция, Армения және Қазақстаннан 1200-ден астам спортшы қатысты.
Арайлым қазір «Тігін өндірісі» мамандығы бойынша 2-курста білім алуда. Оны спорт әлеміне баулыған жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеті дүркін әлем чемпионы, жиырма дүркін Азия чемпионы Данияр Тайменов. Жаттықтырушысының қолдауымен Арайлым облыстық, республикалық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп, халықаралық аренада да жоғары жетістікке жетті.
2023 жылы ол Алматыда өткен Азия чемпионатында І орынды жеңіп алып, тағы бір мәрте өзінің мықтылығын дәлелдеді. Абай облысының спортшылары бұл чемпионатта жалпы 4 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды.