
Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің 3-курс студенті заңдарды меңгеруге арналған «Oguzan» қосымшасын әзірледі.
Бақыт Еділқызы заңдарды ыңғайлы және ойын түрінде үйренуге мүмкіндік беретін Android және IOS мобильді платформаларына арналған «Oguzan» қосымшасын жасады.
«Oguzan» - бұл баланың құқықтары мен міндеттерінен бастап қылмыстық және әкімшілік кодекске дейінгі Қазақстанның түрлі заңдарын зерделеуге мүмкіндік беретін қосымша.
«Біздің қосымшамыз заңдарды зерттеуді көңілді және ойын түрінде қызықты етуге мүмкіндік береді. Пайдаланушы өзіне қажетті кодты таңдап, Кодекстің белгілі бір бөліміне өтеді. Заңдар туралы шағын дәріс оқып, есте сақтау үшін білім тестін тапсырады. Осылайша, біздің қосымшамыз заңдарды оқып қана қоймай, оларды тестілеу арқылы есте сақтауға мүмкіндік береді. Біз уақыт өте келе қосымшамызды жетілдіріп, жаңа мүмкіндіктер мен бөлімдерді қосамыз»,-дейді Бақыт.
Бақыт жетекшісімен бірге бірегей қосымшаны жасап шығарғанға жұмсалатын шығын мен қажет жұмысшы мамандарды да есептеген. Жобаны толық дамыту үшін екі бас директор, екі программист, жобаны құру процесіне басшылық жасайтын, сондай-ақ оқу материалын әзірлеуге жауапты адам - жоба жетекшісі, қолданбаның жалпы стиліне (түстерді, қаріптерді және жалпы көріністі қоса) сәйкес келетін интерфейсін әзірлейтін тұлға-графикалық дизайнер, қателер мен берілген стандарттарға сәйкестігін тексеретін тестілеуші маман қажет.
«Қазір коммерциялық жоба ретінде жоспарлап отырмыз, бірақ мемлекет тарапынан қызығушылық пен қолдау болса, мамандарға жұмсалатын шығындар мемлекеттен қаржыландырса, қосымшаны әр азамат қолдана алады», - дейді авторлар.
Жетекшінің айтуынша, қосымша қарапайым азаматтар үшін ғана емес, сонымен қатар заң мамандығы бойынша оқитын студенттер үшін де өте пайдалы.
Жетекшісі тарих пәні оқытушысы Искаков Артур Николаевич.