
«Абай облысы білім басқармасы» ММ «Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы» КММ ағымдағы жылдың 01 желтоқсан күні поэзия әлемінің майталманы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» және Мемлекеттік Абай қорық мұражайының «Абай» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының 70 жас мерейтойына орай «Бесінші маусым жұпары» тақырыбында әдеби кеш өткізді.
Мақсаты: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту міндетін жүзеге асыру, өңірлік қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып, Республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жас ұрпақтың кітап оқуға құлшынысын, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Әдеби кешке жергілікті танымал ақындарымыз бен 500-ге жуық Абай облысы білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, оқытушылары, ақын жанды оқушылар, студенттер қатысты.
Поэтикалық кеште «№16 Т.Аманов атындағы мектеп» КММ ұжымы мен Абай ауданы, Семей қаласының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ақынның өмір жолынан сахналық қойылым қойды. Жиналған қауым ақынның шығармашылығына тереңінен бойлап, рухани сусындап, тағылым алып қайтты. Кеш соңында Тыныштық Әбдікәкімұлының отбасы өз әсерлерімен бөлісіп, ризашылығын білдірді. Облысымыздан жиналған жас таланттар да ақынға деген зор құрметтерін білдіріп, жыр шумақтарын арнады.