
28 ақпанда Абай облысының білім басқармасы және дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы бірлесіп ұйымдастыруымен Экономикалық лицейдің базасында 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық (үшінші) кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Облыстық кезеңде барлығы бес жүзге жуық мектеп оқушылары бақ сынаса, оның 225-і жеңімпаз және жүлдегер атанды (І орын – 39; II орын – 71; III орын – 115).
Облыстың үздік оқушыларын қаланың танымал тұлғалары: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Республикалық «Ана тілі» газетінің тілшісі Шәріпбаев Орал Тоқтарұлы; қалалық Мәдениет сарайының ақындар мектебінің меңгерушісі, Семей қаласының құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Омарбаева Дәметкен Серікбайқызы; Абай облысы білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ақжалов Қасымбек Бесембекұлы; облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нүскенова Әсем Хасенқызы, «Әлихан Бөкейхан университетінің» проректоры Базенов Айрат Бәзенұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мерей Қарт құттықтады, қалалық білім бөлімінің әдіскері Ахметкулова Құралай Рымкуловна.
Шәкәрім университетінің проректоры Оралқанова Индира Әділқанқызы құттықтау сөзінде облыстың дарынды балаларын қолдау мақсатында университет тарапынан «Шәкәрім университетінің гранты» бөлінгенін атап өтті.
«Үздік олимпиадалық команда-2023» дипломдарымен: 1-дәрежелі диплом – 80 жүлделі орынға ие болған Семей қаласының командасы, II дәрежелі Диплом – 43 жүлделі орынды иеленген «Білім инновациялық лицейі» командасы, ІІІ дәрежелі Диплом – қоржынында 18 жүлдесі бар Аягөз және Үржар аудандарының командасы марапатталды.
Олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймыз!
Олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысушыларға сәттілік тілеп, жүлделі орындардың көп болуына тілектеспіз!