
2022 жылдың қыркүйек айының соңғы күндерінде «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнерінің қашықтықтан өткен республикалық фестиваль-конкурсының облыстық туры өтті. Фестиваль-конкурс өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбиелеу факторы ретінде балалар мен жастар театр шығармашылығын қолдау және дамыту, тұлғаның үйлесімді дамуы, өзін-өзі көрсетуге, әлемді эстетикалық және бейнелі түсінуге бірегей қабілеттерді қалыптастыру және дамыту мақсатында өткізіледі.
Облыстық іріктеу кезеңіне қазылар алқасы төрайымы ретінде Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театрының театр сыншысы Саматова Еңлік Берікқызы шақырылды. Әділқазы алқасы Семей қаласы, Абай, Жарма және Үржар аудандарының түрлі номинациялары мен балалардың өнерлерін тамашалады. Қазылар алқасы мен «Дарын» орталығының облыстық турын ұйымдастырушыларының пікірінше, байқаудың республикалық турында біздің облысымыздың намысын қорғайтын Үржар ауданының жас әртістерінің шығармашылық жұмысы байқау ережесінің талаптарына сай келді. Жас әртістерге жеңіс пен шығармашылық табыс тілейміз!