Адамзаттың Абайы атанған қазақтың бас ақыны А.Құнанбаевтың 175 жылдығына Абайтану кабинеті ашылды

Адамзаттың Абайы атанған қазақтың бас ақыны А.Құнанбаевтың 175 жылдығына Абайтану кабинеті ашылды

Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейінде адамзаттың Абайы атанған қазақтың бас ақыны А.Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Абайтану кабинетінің ашылу салтанаты болды. Келген қонақтарды "Домбыра сазы'' оқушылар ансамблі қарсы алды. А. Құнанбаевтың өлеңдері әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылса, мектеп-лицейде ақын шығармалары қазақ, орыс, ағылшын, түрік және француз тілдеріндегі үйірме нәтижесінде 5 тілде жатталуда. Осының дәлеліндей салтанатты жиында жылдың төрт мезгілін бейнелеген оқушылар бірнеше тілде жаттаған өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшіліктің көңілінен шықты.
   Келесі кезекте кабинеттің ашылу рәсімін тамашалау үшін 2- қабатқа көтерілді. Салтанатты түрде лента қию құрметіне Аягөз аудандық мәслихатының  хатшысы С.Ысқақов, ардагер ұстаздар А.Нұржанова мен Қ. Тлеубердинова ие болды. Ашылу өзгеше форматта "Ашық алаң” бағдарламасы аясында өтті. Мектеп-лицейде Абайтану кабинетінің ашылуы- табиғи заңдылық. Себебі бұл ұжымда "Жас қалам" жас ақындар үйірмесі бірнеше жыл жұмыс жүргізіп келеді. Осы шара барысында "Таңғажайып таңғы үміт" атты 9-сынып оқушысы Ерғазы Диас пен  "Шамшырақ болып жанамын" атты 6-сынып оқушысы Арман Аружанның өлеңдер жинағы жарық көрді. Жас ақындар өздерінің өлең жазуына ұлы ақын А.Құнанбаевтың тікелей әсері болғанын атап өтіп, ақынға арнау өлеңдерін оқыды. Мәслихат хатшысы С.Искаков бата беріп, мектеп директоры А.О.Қасымжанов  ақ тілегін арнады. Д.Ерғазының апасы Роза Оралбекова шашу шашты.
  Кабинет меңгерушісі Э.Бозекенова Абайтану кабинетінің ашылудағы мақсаты мен маңыздылығын ашып, жабдықталуында нені ескергенін мәлімдеді. Бүгінгі іс-шараның күзде алғашқы болып Абай оқулары эстафетасын бастағанымен жалғасын тауып жатқанын жеткізді. Қабырға стендтері ауыспалы болып жасалғанын, жылдың төрт мезгіліне қарай алмастырылып отырылатынын, аудио арқылы қарасөздерін де, әндерін де тыңдатуға мүмкіншілік барын және кітапханалық бұрыш жабдықтағанын жеткізді. Келген білім бөлімі басшысының орынбасары Н.Көбжасаров, әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Бейсекова,  әдіскерлер С.Қыржыбаев, Б.Жақсыбаева және мектеп директорлары мен орынбасарлары заманауи үлгідегі бұл кабинеттің  лицей оқушыларын рухани құндылыққа баулып, ұлттық тәрбие берудегі рөлі жоғары болатындығына сенім артып, Абайтану кабинетінің меңгерушісіне әрі лицей ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Расымен, мектеп ұжымының қолдауымен ашылған кабинеттен ХХІ ғасыр тұлғасына лайық сапалар қалыптасқан тұлғалар тәрбиеленіп шығары сөзсіз.