
Допты хоккей жарысы
2020 жылдың 8 ақпан күні аудандық білім бөлімі және «Аягөз –намыс» спорт қорының ұйымдастыруларымен аудандық мектеп қызметкерлері арасында пимамен допты хоккей жарыс алғашқы рет өткізілді. Пимамен допты хоккей – қаражатты қажет етпейтін,қызықты ойын,мұз алаңы болмаса да, ауланы қардан тазалап ойнауға болады. Болашақта оқушылар да қолдарына доп таяғын(клюшка) алып, аула аулаларда допты хоккей ойнап жатса, нұр үстіне нұр болар еді және хоккей ойынының техникасын меңгерген балаға конькиді теуіп үйрену жеңіл болар еді. Ауданымызда хоккей қорабшаларында, орталық стадионда мұз айдындары құйылған, сабақтан бос уақытта барып үйренуге болады.
Жарысқа келсек, 12 команда қатысып, мықтыларды анықтады. № 1 орта мектебінің командасы,№ 10 гимназияның командасы, Тарбағатай орта мектебінің командасы,Б.Майлин атындағы орта мектебінің командалары ақтық ойындарға шығып, өз-ара жүлделі орындарды сарапқа салды. № 1 және Тарбағатай орта мектептерінің арасындағы ақтық ойын өте тартысты өтті. 2:2 есебімен тең аяқталды. Ойын соңынан соң буллит соғылып, № 1 орта мектебінің пайдасына шешілді. І орынды № 1 орта мектебінің командасы, ІІ орынды Тарбағатай орта мектебінің командасы, ІІІ орынды Б. Майлин атындағы орта мектебінің командалары иеленді. № 10 гимназия жүлделі орындарға бір табан жетпей, 4 орынды қанағат етті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер және әр ойын шебінде жақсы өнер көрсеткен ойыншылар «Аягөз –намыс» спорт қорының кубоктарымен, медальдарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды.



