
Домбыра – қазақтың болмысы, жан серігі. Өткен ғасырдың куәсі. Осынау киелі аспап мәдениетіміздің жаңа кезеңінде өзінің айрықша келбетін, қайталанбас құндылығын ашқандай. Осыған орай елімізде шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Халқымыздың рухани өркендеуінің, мәдениетінің сарқылмас бір саласы өнер болса, сол өнерге үн берген – осы қасиетті домбыра. Сан ғасыр тарихқа жалғасқан қол өнеріміздің ең маңызды саласының бірі – ұлттық музыка аспабын жасау. Қазақтың ұлттық рухына теңейтін киелі қара домбыраның қалпын бұзбай, қазақи қоңыр үнін сақтап жасау, он саусағынан өнер тамған қолөнер иелеріне тән жұмыс. Айтулы мереке қарсаңында Аягөз қаласының тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері домбыра жасау шебері Әбдікәрім Еменұлымен сұхбаттасып қайтты. Сұхбат барысында шебер домбыра жасаудың қыр-сырын бөлісіп, домбыра жасау барысында аспаптың үні таза, тембрі жұмсақ, ішек тербелісі жиі болуына, дыбысының неғұрлым алысқа жетуіне, бет қақпағының жаңғырығы мол болғанына, басы мен аяғы бірдей «сөйлеуі», мойны ыңғайлы келуіне, домбыраның сырт пішіні эстетикалық тұрғыдан әсем және үйлесімді болуына ерекше мән беретіні жайлы сөз қозғады.
Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің
Аягөз қаласындағы филиалы