
Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филиалында «Қазақ қызының қазыналы қобдишасы» атты танымдық дәріс өтті. Дәріске аудандық өнер мектебінің оқушылары мен жетекшісі Д. Токтамысова қатысты. Зергерлік бұйымдар-ұлттық болмысымыздың жақұты. Қазақ әйелдері ежелден киімнің тәуірін киіп, әшекейдің асылын таққан. Әшекей бұйымдар сәндік үшін, бой түзеп, сән-салтанатпен жүруі үшін ғана қызмет етіп қоймай, сондай-ақ ізін қуған сіңлілері мен қыздарына мұра болып асыл қазынадай сақталған. Бұнымен қоса әшекей бұйымдар өзіндік тәрбиелік мәнімен, күрделі көркемдік шеберлікпен, техникалық жағынан мінсіз орындалуымен ерекшеленеді. Халқымыздың зергерлік өнерінің қыр-сыры мен тарихы, дамуы жайында айтылып, оқушылардың назарына құстұмсық жүзік, өңіржиек, бесбілезік, қапсырма сияқты сәндік бұйымдар ұсынылды.
Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің
Аягөз қаласындағы филиалы