
Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филиалында салтанатты түрде жаңа экспозициялық бөлім ашылды. Экспозицияда алғашқы қауымдық құрылыс тарихы, далалық геология, археология, палеонтологиялық және пайдалы қазбалар, осы өлкені мекендейтін аң мен құстар, өсімдіктер, сонымен бірге келушілер назарына Аягөз өңіріндегі киелі жерлер, тарихи-мәдени ескерткіштер туралы көрнекі материалдар мен мәліметтер кеңінен қамтылған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға зиялы қауым өкілдері, оқушы жастар мен ұстаздар қатысты. ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, Аягөз өңірінің тумасы Құрманғазы Жеделов экспозиция бөлімінің ашылу лентасын қиды. «Өскелең ұрпаққа киелі және тарихи орындарды насихаттау, табиғатты қорғауға баулу – әр адамның парызы. Осы бағытта музейдегі табиғат бөлімінің маңызы өте зор», - деп атап өтті құттықтау сөзінде Құрманғазы Оразұлы.
Құрметті Аягөз тұрғындары мен қала қонақтары, сіздерді музейдің жаңа экспозициясымен танысуға шақырамыз!
Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің
Аягөз қаласындағы филиалы