
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филилалында ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Шұбартау өңірінің тумасы, жерлесіміз Жеделов Құрманғазы Оразұлының «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» атты авторлық көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты: бейнелеу өнеріне деген көркем құндылық тұрғысындағы көзқарасты қалыптастыру, сонымен қатар, кәсіби бейнелеу өнерін насихаттау, тәуелсіз мемлекетіміздің жас ұрпақтарын көркем білім негіздері мен кәсіби бағыттағы шығармашылық өнер түрлерімен таныстыра отырып, жас тұлғаның бойына мәдени көркем құндылықтарды сіңіру және эстетикалық тәрбие беру болып табылады.
Көрменің авторы Құрманғазы Оразұлы (Семей облысы, Шұбартау ауданы) қазіргі ШҚО, Аягөз ауданы, Малкелді ауылында 1961 жылы 2 қарашада дүниеге келген. 1983 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының «Көркемсурет» факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1987 жылы «Бейнелеу өнері және сызу» пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан. Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарына және арнайы мектептерге «Көркемсурет» және «Психология – педагогика» факультетінің оқытушыларына, мектеп мұғалімдеріне, студенттерге, магистранттарға арналған 3 монаграфия, 1 оқулық, 5 томдық «Қазақ өнер» альбомын, 5 оқу құралын және 11 жылдық, 12 жылдық жалпы орта мектеп оқушыларына, арнайы сурет мамандығына бағытталған мектеп, колледж, лицейлерге арналған 24 «Бейнелеу өнері» оқулығын, 30 оқу әдістемелік құралының авторы. Франция «КОНКОРД» Халықаралық академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан және Евразиялық дизайнерлер Одағының мүшесі, сонымен қатар, көптеген марапаттарға «Төсбелгі», «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттар» иеленген. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дизайн» кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы «Дизайн» мамандығы магистратура бөлімінің тәлімгері болып қызмет атқарады.
Көрмеге қойылған киіз басу өнерін дамытқан ананың бейнесін, атақты биші Шара Жиенқұлованың, Шұбартау өңірінің тумасы қасиетті Байқотан би бабаның портретін, Тәуелсіздікке арналған тағы басқа бірнеше туындыларын музей қонақтары қызыға тамашалады.
Құрманғазы Оразұлы музей қорына өзінің төл туындыларын және оқушыларға, студенттерге арналған авторлық кітаптарын сыйға тарту етті. Музей ұжымы атынан Аңсаған Мұқаметқалиқызы Құрманғазы Оразұлының иығына қазақы жолымен шапан жауып, Аягөз ауданының әкімі С.Ысқақовтың құттықтауын жеткізді.
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің
Аягөз қаласындағы филиалы