РУХАНИ КЕЛІСІМ - БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

РУХАНИ КЕЛІСІМ - БІРЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Бұған негіз болған 30 жыл бойына 18-қазан күні аталып өтілетін Рухани келісім күні. Егемендік алғаннан бері бұл күнді ерекше атап өтудегі мақсат -  еліміздегі 17 конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдерінің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Көпұлтты еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. 1992 жылдың қазанында Алматыда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен алғаш рет Дүниежүзілік рухани келісім конгресі өткен болатын. Рухани келісім негізінде – біздің ұлтымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филиалында 18 қазан Рухани келісім күніне орай «Рухани келісім - бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты  танымдық дәріс өткізілді. Дәріске К.Бозтаев атындағы қазақ мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары мен жетекшісі және Аягөз қалалық орталық мешітінің наиб-имамы Дәулет Қинаятұлы қатысты.  Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің

 Аягөз қаласындағы филиалы