
2021 жылдың 5 қаңтарында Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласының филиалында поэзия әлеміне жарық жұлдыздай сәуле шашып айрықша із қалдырған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Поэзия алыбы» дөңгелек үстел өтті. Мақсаты: Қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың өмірі, шығармашылығымен таныстыру, поэзия құдіретін таныту, ақын өлеңдері арқылы музей қонақтарының бойындағы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту болып табылды.
М. Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келді. Әкесі Сүлеймен осы өңірде колхоз ұйымдастырушы болды. 1941 жылы майданға аттанып, содан оралмады. Шешесі Нағиман қарапайым шаруа адамы болған. Балалық шағынан–ақ ақын ерте есейді, еңбекке ерте араласты. Орта мектепті бітірген соң ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметінде болды. 1954-1962 жылдар арасында қазақ радиосында диктор, 1962-1972 жылдар аралығында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында білім меңгерушісі, 1972-1973 жылы Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ақынның тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде басылды. «Дариға, жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір - дастан», «Атамекен», «Райымбек», т.б кітаптары жарық көрді. Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» аудармалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған. 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден озды.
Мұқағали поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір поэзия. Табиғатында адамға жаманшылығы жоқ, жаны жуас, жомарт, өзін басқаның бәрінен кіші санайтын ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлең құмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек.
Семей қаласының тарихи-өлкетану
музейінің Аягөз қаласындағы филиалы