Шығыс Қазақстан облысында автокөлік иелері онлайн қызметтерді жиі ала бастады

Шығыс Қазақстан облысында автокөлік иелері онлайн қызметтерді жиі ала бастады

10 желтоқсан 2020ж Өскемен қ.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов мәлімдеді. Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап мамандандырылған ХҚО-да шығыс қазақстандықтар өз бетінше 45 мыңнан астам мемлекеттік қызмет алған. Оның ішінде 23 мыңға жуық азамат автокөлікті қайта тіркеуден өткізсе, 22 мыңнан астамы жүргізуші куәлігін онлайн өтініш беру арқылы ауыстырды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы ШҚО тұрғындары egov.kz портал арқылы 1566 автокөлікті қайта ресімдесе, 3 мың жүргізуші куәлігін электронды тәсілмен алған.

Сондай-ақ брифинг барысында Мемлекеттік корпорацияның ШҚО бойынша филиалының басшысы жалпы 2020 жылы электрондық қызметтерді өз бетінше алу көрсеткішінің артқанын атап өтті. Бұл жерде коронавирус пандемиясының ықпалы бар. Мәселен, өткен жылы өңір тұрғындары өз бетінше 430 мыңнан астам, ал ағымдағы жылы 620 мыңнан астам мемлекеттік қызмет алды. "ШҚО ХҚО-ларында өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының30 қарашадан бастап ашылғанына қарамастан, тұрғындарды ХҚО-ға бармай-ақ, қызметтерді онлайн алуға шақырамын. EGovKzBot2.0 телеграм боты және Egovmobile сияқты мобильді қосымшалар арқылы 65-тен астам мемлекеттік қызметтер мен сервистерді онлайн алуға болады. Ол үшін тек мобильді азаматтар базасында тіркелу немесе ЭЦҚ болуы қажет. ХҚО-да е-қызмет алушыларынбетперде тәртібін және ара қашықтықты сақтауды сұраймын", – дейді Есембулов.

Брифинг барысында Мемлекеттік корпорация филиалы директорының әлеуметтік қамсыздандыру желісі бойынша орынбасары Жанат Өмірғалиева және Жер кадастры желісі бойынша орынбасары Дмитрий Галанин де сөз сөйледі.

Жанат Өмірғалиеваәлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде алу жолдары туралы айтып берді. "Қазіргі уақытта проактивті форматта асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен, жұмысынан айырылу және мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау сияқты қызметтерді алуға болады. Сондай-ақ бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша, "Алтын алқа", "Күміс алқа"иегері атанған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау қызметтерін смс арқылы алуға болады. Ағымдағы жылдың басынан бастап Шығыс Қазақстан облысында проактивті тәсілмен 10 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Мәліметтерге сәйкес, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18% - ға көп".

Сондай-ақбрифинг барысында филиал басшысының орынбасары жер кадастры бойынша жүргізілген жұмыстар туралы да есеп берді. Айта кетейік, осы салада ағымдағы жылы 35 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде жер актілерін дайындау бойынша 21 мыңнан астам қызмет.

Естеріңізге сала кетейік, жақында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы корпоративтік құндылықтарды дәріптейтіншараны қолға алды. Осылайша, ХҚО-лар қызмет алушыларды баланың тууы, алғашқы жеке куәлік алу, зейнеткерлікке шығу және т.б. сияқты өмірлік маңызы бар құжаттарды алуымен құттықтайды. Жалпы, мұндай мемлекеттік қызмет көрсету тұжырымдамасы "Біз жылу сыйлаймыз" деп аталады.