
Бүгін Аягөз қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, ұстаздар, оқушылар және ата-аналарды айтулы оқиғамен құттықтады.
Жаңа мектеп үш қабатты, заманауи талаптарға сай салынған үш ғимараттан тұрады. Жалпы аумағы 9 992,8 шаршы метр. 600 оқушыға арналған білім ордасында 35 оқу кабинеті бар. Оның ішінде физика, химия, биология, информатика, STEM және робототехника зертханалары толық жабдықталған. Сондай-ақ спорт және акт залдары, медициналық пункт, асхана мен алғашқы әскери дайындық кабинеті бар. Мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейді. Мұнда 42 педагог қызмет етеді, олардың арасында 10 педагог-зерттеуші, 8 педагог-сарапшы және 11 педагог-модератор бар. Оқыту толық қазақ тілінде жүргізіледі.