
Бүгін аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлының төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Жиында отбасының цифрлық картасын енгізу барысы талқыланып, осы бағыттағы жұмыстар туралы тиісті сала басшысының баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан және ұтымсыз пайдаланылған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтеріліп, атқарылып жатқан шаралар пысықталды.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен “Ауыл Аманаты” бағдарламасының орындалу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жауапты бөлім басшысы есеп берді.
Кеңесте мектептер жанындағы жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар туралы да айтылды. Сонымен қатар, су тасқыны мен өрт қаупі жоғары кезеңдерге, сондай-ақ алдағы шомылу маусымына дайындық жұмыстары пысықталды.
“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары туралы округ әкімдері мен жауапты кураторлардың есептері тыңдалды.
Жиын соңында аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.