
Ауданымызда Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті.
Ең алдымен, атажұртқа Түркістан, Шардара, Қарағанды, Балқаш, Ақтоғай, Қызылқұм, Алматы, Астана қалаларынан арнайы келген қонақтарды құрметпен қарсы алды.
Қарауыл төбеде өткен Наурыз мейрамы “Абай даналығы- әз-Наурыз жаңғырығы” театрландырылған қойылыммен басталды.
Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы аудан тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап, мейрамның маңызына кеңінен тоқталып, ізгі ниетін білдірді.
Мерекелік шарада Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының аудан көлемінде ашылуы өтті. Ақынның даналық, нақыл сөздері жазылған 1000 шар бір мезетте көкке ұшырылды.
Көрермендерге “Қаламқас” халық ән-би ансамблінің мерекелік бағдарламасы ұсынылып, ұлттық спорт түрлерінің жарыстар ұйымдастырылды.
Қол күресі, арқан тарту, гір көтеру, асық ату, садақ ату, жілік шағу, тай көтеру сайысы, тай жарысы мен тазы тұқымды иттер жарысы өтіп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, мекеме, бөлім қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер жиналған халыққа арнайы мейрамның басты тағамы наурыз көже мен ұлттық тағамдарынан дәм ұсынды.
Шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық мекеме, бөлім басшыларына, ауылдық округі әкімдері мен қызметкерлеріне алғыс айтамыз.