
Биыл көрнекті халық жазушысы, абайтанушы-мұхтартанушы, майдангер, ұстаз Кәмен Оразалиннің туғанына 105 жылдығына орай Абай атындағы ММГИ-ның орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші М.Алдажарова өзі жетекшілік ететін 9 сынып оқушыларымен Кәмен Оразалиннің музей-үйіне келіп, музей меңгерушісі, жазушының ұлы Е.Оразалымен “Кәмен мұрасы - халық мұрасы” атты тақырыпта бейне-сұхбат жүргізді.
Сұхбат жазушы К.Оразалиннің өмірі мен шығармашылығы және басты шығармасы саналатын “Абайдан соң” роман-тетралогиясы хақында өрбіді.
Шығармада ұлы ақын өмір сүрген орта, сол кездегі қоғамдық жағдай, Абайдан кейінгі ұлы ақын мұрасының ел ортасында қалай қанат жая бастағаны, шығарма желісінің басты кейіпкері саналатын Мұхтардың балалық шағы, дүние танымының қалыптасуы, жігіт ағасы болған шақтағы кемелдену кезеңі сөз болатын кең тынысты көркем шығарма Мұхтар көзімен баян етілетінін Е.Оразалы оқушыларға әсерлі әңгімелеп жеткізді.
Сонымен қатар, сұхбат барысында оқушылар тарапынан қойылған сұрақтар бойынша Е.Оразалы төрт томдық жазушы шығармасының жазылу тарихын, 1943 жылы туған еліне келген ұлы ұстазы Мұхтарды әкесінің алғаш көруі, рухани байланысы, дүниеден өтерінен қырық сағат бұрын Мұхтардың шәкіртіне жазған “Соңғы хаты” жайында да кеңінен әңгімелеп, оқушыларға тарихи - танымдық сұхбат берді.
Сұхбат соңында арнайы келіп, “Кәмен мұрасы - халық мұрасы” тақырыбымен бейне-сұхбат ұйымдастырып, жастарды әдебиетке баулу арқылы жазушы мұраларын өздерінің зерттеу жұмыстарына арқау еткені үшін педагог-зерттеуші, орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі М.Алдажароваға музей меңгерушісі Е.Оразалы Кәмен Оразалин музей-үйінің “Алғыс хатын” табыстады. Соңынан рухани-танымдық сұхбатқа қатысқан барлық қатысушылар естелік суретке түсті.