
Бүгін Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында Закария Белібаев атындағы «Жеңіс алаңы» және «Уақыт символы» аллеясының ашылу салтанаты өтті. Елімізде орын алған пандемияға байланысты Ұлы Жеңістің 75 жылдығы 9 мамырға жоспарланған мерекелік шара кейінге қалдырылған болатын. Бүгін Елорда Нұр-Сұлтан қаласы күні қарсаңында ашылу салатанатын өткізудің сәті түсті.
«Жеңіс алаңының » тарихына үңілсек ең алғаш Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арнап салынған парктің құрылысы осыған дейін бірнеше рет жөндеуден өткен. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды » тақтасында 558 боздақтың аты жазылған еді, жөндеуден өткен соң қан майданда Отан үшін ерлік көрсеткен 1528 ардагердің есімі жазылды. Саябақ ішіне Абай ауданынан шыққан 4 батырымызға ескерткіш-бюст қойылды. Ашылу салтанатының лентасын «Қарты бар үйдің қазынасы бар » дегендей, Тыл ардагерлері, ардақты аналарымыз қиды.
Мерекелік шара «Уақыт символы» аллеясының ашылу салтанатымен жалғасын тапты. Аллея ауданымыздың көрікті жерлері бейнеленген «Абай елі - руханият меккесі» мен «Ғасыр тұлғалары» тақталарымен әдемі үйлесім тапқан.
Салтанатты жиын Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне орай «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің шағын концертімен жалғасты.