
Құрметті жерлестер!
Бүгін ауданымызға Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің өкілдері «Шәкәрім керуені Абай ауданында» атты кәсіптік бағдар беру іс-сапарымен келді.
Алдымен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастап, баба рухына тағзым етті. Шара аудандық мәдениет үйінде өткізілген салтанатты жиынмен жалғасты. Жиында аудан әкімі Нұржан Оразбекұлы аудан тұрғындары мен қонақтарын, оқушылар мен ұстаздарды Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойымен құттықтап, ауданымыздың экономикасының дамуына үлес қосып жүрген азаматарды оқытып, білім беріп, үздік мамандар дайындаудағы өлшеусіз еңбектері үшін университет ректоры Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы мен университеттің филология факультетінің деканы Қадыров Айбар Қабыкенұлына «Абай ауданының Ел алғысы» төсбелгісін табыстады.
Келесі кезекте Бауыржан Аманкелдіұлы құттықтау сөз сөйлеп, білім ордасының түлектері, ел ағалары, атап айтсақ, Қазақстан Жазушылар және Журналисттер одақтарының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Т.Жанғалиев пен Қазақстан Республикасының Құрметті депутаты, Абай аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Аманғазыға «Шәкәрім» медалін табыстады. Сонымен қатар, үздік танылған Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жұмағазин Елнұр Еркінұлына «Шәкәрім университетінің білім грантын» берді.
Сондай-ақ, Шәкәрім университетінде білім алатын озат және белсенді студенттердің ата-аналары, қазіргі кезде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген, оқу орнын бітірген түлектері марапатталды.
«Шәкәрім керуені» жалпы орта білім беретін мектепте жалғасты. Шәкәрім университеті мен Абай ауданының білім бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, кәсіптік бағдар беру мақсатында оқушылар, ұстаздар мен мектеп директорлары секцияларға бөлініп, семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтар ұйымдастырылды.