Қымбатты жерлестер!
Сіздерді қазақтың ұлы тұлғасы – Абай күнімен тағы да бір мәрте шын жүректен құттықтаймыз!
Абай мұрасы - халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық.
Осынау біртұтас қазақ баласын бірлікке шақыратын, адамгершілікке үндейтін қастерлі күнде аудан әкімі Нұржан Оразбекұлы ауданымыздың зиялы қауым өкілдерімен бірге орталық алаңдағы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Шара барысында ұлылар елінің абыройын асқақтатып, қазақ елінің өнер көшіне үлес қосып жүрген әнші, өнер қайраткері, композитор Кентау Қуантайұлына «Абай ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін табыстады.
Аудан халқы шара барысында «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің мерекелік концертін тамашалады.
Сондай-ақ, Жидебайдағы ұлы ақынның музей-үйінде ұйымдастырылған танымдық кешке қатысты.