
Донор болуға салынатын тыйым екіге бөлінеді: уақытша және тұрақты түрдегі, яғни, абсолютті тыйым.
Уақытша тыйым санатындағылар: жедел респираторлық ауруға ұшырағандар, температурасы көтерілгендер, тісін жұлғызғандар, татуаж жасатқандар және кез келген созылмалы ауруы өршіген науқастар.
Денесіне татуаж жасатқан, татуировка салдырған және емдік алтын ине қабылдағандарға да уақытша қан тапсыруға тыйым салынады. Соның ішінде ерекше айта кететіні, денесіне сурет салдырған адамдар татуировканы қашан жасатқанын жасырмай айтуы тиіс. Сурет салдырғаннан кейін 4 ай өтсе ғана донор бола алады. Онда да бақылау анализін міндетті түрде тапсырып, қайтадан қан құрамы тексеріледі. Әрине, денеге сурет салдыру шариғатта да құпталмайтын іс екенін айта кеткен жөн.
Абсолютті тыйым санатындағылар: қан арқылы берілетін жұқпалы ауруға ұшырағандар, яғни, адамның иммундық тапшылығының вирусы немесе СПИД-ке шалдыққандар;
Құрт ауруымен ауыратындар, тіпті, туберкулезбен бала кезінде, жас күнінде ауырса да, ондай науқастарға қан тапсыруға болмайды!
Гепатиттің В, С түрлерімен ауыратындар, жыныстық жолмен берілетін аурулар, сифилиске шалдыққандар, бруцеллездің өрбіген кезінде тапсыруға болмайды.
Жүрек-қан тамыры ауруларының 3-ші сатысындағы миокарда, инфаркт, қан қысымы жоғары науқастар, миына қан құйылған адамдар;
Нашақорлар мен маскүнемдер.
Сонымен қатар, шетелге шығып келген, әсіресе, малярия ауру тараған аймақтарға барып келген адамдар 3 жылдан кейін лабораториялық тесттен, диагностикадан өтіп, қаны таза болған жағдайда ғана донор бола алады.