КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІН БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫНА МОНИТОРИНГ
КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРҒА ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІН БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫНА МОНИТОРИНГ
«Абай -Адалдық Алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Бақыт Серікханқызы аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй,икоммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тұрғын үй және жер беру жұмыстарына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында, аталған бөлімнің бас маманы Мадина Ардаққызымен тұрғын үйді бөлу мәселесі, кезекте тұрғандардың тізімін өзектендіру, жер учаскелерін беру тәртібі және аталған салалардағы нормативтік-құқықтық актілер, оның ішінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң және ҚР «Жер Кодексі» зерделенді.
Бүгінгі күні тұрғын үй кезегінде 288 азамат тұр, оның ішінде келесі санаттарда:
Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар – 10; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана атағын» алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көп балалы отбасылар - 57; Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар – 111; Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар – 94; ҚР заңнамасымен белгіленген тәртіпте жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар - 16.
2021 жылы ауданда «Бір қабатты Шығыс» аймақтық бағдарламасы аясында 16 екі пәтерлі үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Мамай 69 көп қабатты үйіндегі 4 пәтерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, оның екеуі қызметтік үй ретінде аудандық аурухана теңгеріміне, біреуі төтенше жағдайлар бөліміне қызметтік үй ретінде, біреуі жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған отбасына берілді. Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй алу мақсатында, кезекте тұрған 19 азамат өтінім беріп, нәтижесінде 7 өтінім қанағаттандырылған.
Аталған процесстің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жобалық кеңсе жетекшісі тұрғын үй комиссиясының жұмысымен толықтай танысты. Ағымдағы жылдың 24-ші қаңтарында тұрғын үй комиссиясының құрамы жаңадан бекітілген. Комиссияның негізгі міндеттері мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру туралы не мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіру туралы заңды шешім қабылдау болып табылады.
2021 жылы ауданда тұрғын үй салу мақсатында 119 адам жер учаскесін алуға өтінім қалдырып, нәтижесінде барлық 119 өтінім қанағаттандырылып, 119 000 м² жер учаскесі берілген. Аталған процесс ҚР «Жер Кодексін» басшылыққа ала отырып жүзеге асырылады. Жалпы ауданда жер учаскелеріне кезекте тұрған азаматтар жоқ. Ағымдағы жылы да тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үйлер беріледі деп күтілуде! Олардың құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып кетті. Бұл жұмыстар болашақта да жобалық кеңсе бақылауында болады.