«Дарын» республикалық олимпиадасының II (аудандық) кезеңі өтті.
2021-2022 оқу жылында Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ кезеңі (аудандық) 14-22 ақпан аралығында ЖББ Қарауыл гимназиясы базасында болып өтті. Биылғы жылы олимпиада электронды платформада «1компьютер –1 оқушы-1 камера» қағидаты бойынша прокторинг жүйесін, сондай-ақ аудиторияның жалпы көрінісін бейнетрансляциялау арқылы өткізілді. Олимпиаданың ашық әрі әділ өткізілуін бақылауда ШҚО ББ Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік Дарын орталығы маманы, «Абай - Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі және ата-аналар қауымдастығы мүшелері қамтылды. Комиссия мүшелерінің жұмыстары толықтай қадағаланып, бейнетрансляциялау арқылы ережелердің толықтай сақталып, талаптардың бұзылмауы қамтамасыз етілді. Тапсырмаларды орындау аяқталғаннан кейін әрбір қатысушының сканерленген жұмыстары сайтқа орналастырылды.
Аудан мектептерінен пән олимпиадасына қатысу үшін 178 оқушыға тапсырыс берілсе, 167 оқушы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысты. Атап айтсақ, Көкбай орта мектебінен 5 оқушы, Шәкерім орта мектебінен 1 оқушы, ЖОББ мектептен 1 оқушы, Ш.Тоқжігітов орта мектебінен 1 оқушы, Ж.Молдағалиев орта мектебінен 1 оқушы, ЖББ Қарауыл гимназиясынан 1 оқушы денсаулығына байланысты және Ш.Тоқжігітов орта мектебінен 1 оқушы ауа-райы жағдайына байланысты олимпиадаға қатыса алған жоқ.
2022 жылғы 28 ақпан мен 5 наурыз аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңі өткізілмек. Аталған кезеңде ауданымыздың намысын «Өзін-өзі тану», «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Ағылшын тілі», «Орыс тілі» пәндерінен жиыны 14 оқушы қорғайтын болады! Олай болса, қатарластарының арасынан суырылып шығып, оза шапқан республикалық олимпиада қатысушыларына сәттілік тілейміз!