Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдердің бағасы қоғамдық бақылауда
«Абай – Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі Бақыт Серікханқызы Абай ауданының бағаны тұрақтандыру мақсатында құрылған мониторингтік топпен бірге аудан орталығындағы дүкендерге мониторинг жүргізді.
Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі 19 атаудан тұрады. Мониторинг барысында, «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 544 Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына Ішкі сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын жеткізу шартында көрсетілген өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда жеткізушісінің сатып алу бағасының он бес пайызынан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшері бақыланды.
Қоғамдық бақылау нәтижесі бойынша, Ауданымызда арнайы әлеуметтік дүкендер болмағандықтан, әрбір дүкенде әлеуметтік азық-түлік бұрыштары қарастырылған! Бірқатар кәсіпкерлер бағалар бойынша растайтын құжаттарды (шот –фактуралар, жүкқұжаттар) ұсынған жоқ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдердің 19 атауына 20-25% мөлшерінде сауда үстемесін қолдану жағдайлары анықталды. Қазіргі уақытта, кәсіпкерлік, жер қатынастары және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысымен сауда объектілерінің иелерімен бағаны негізсіз көтеру фактілері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің, бағаны өсіруге, сатып алушылардың тауарды көбіне қарызға алатындықтары себепкер болып отырғандықтарын сөзге тиек етті.
Мониторингтік топ аудан дүкендері бойынша апта сайын баға мониторингін жүргізеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты бақылауда.