Абай ауданында балалардың құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.
🔹-Біздің басты міндетіміз – әр баланың қауіпсіз, жайлы ортада өсіп-жетілуін қамтамасыз ету. Балалардың сапалы білім алуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға және әлеуметтік қолдауға баса назар аударып отырмыз,- деді аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы.
🔹Аудан аумағында аудандық білім бөліміне қарасты 11 жалпы білім беру мекемелері жұмыс істейді, онда 1869 бала білім алуда. Сонымен қатар, 6 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 765 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 4 мемлекеттік және 2 жеке меншік балабақша бар.
Облыстық білім басқармасына қарасты «Абай атындағы ММГИ» 627 оқушы білім алуда, 3 оқушы ерекше білім беруді қажет етеді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымында 61 бала оқуда.
2024 жылы аудандағы білім беру мекемелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Мысалы, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 250 млн теңге бөлініп, ЖББ Қарауыл гимназия мектебінде 26 оқу кабинеттері жаңартылып, қосымша үйірме сыныптары ашылды.
🔹-Әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты мақсатымыз. Осы бағытта барлық білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынған. Қазіргі таңда ауданның барлық 12 білім беру ұйымы толықтай бейнебақылау камералары, дабыл түймелері орнатылса, мемлекеттік мектептердің 90%-ы турникеттермен жабдықталған. Қарауыл ауылына «Қауіпсіз аула» бағдарламасы негізінде 52 бейне бақылау камералары және балалар қауіпсіздігін сақтау мақсатында білім білім беру мекемелері жанына 81 дана жол белгісі орнатылды.
Аудан аумағында балалар арасында буллинг, нашақорлықтың және экстремизмнің алдын алу бойынша Абай ауданы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен тұрақты түрде іс шаралар өтуде,- деп атап өтті аудан әкімі.
Ауданның жомарт азаматтары атынан әлеуметтік осал топтарға, оның ішінде көп балалы 24 отбасыға, 21 жалғыз басты аз қамтылған отбасыларға 10 бас жылқының еті көмек ретінде берілді.
34 көп балалы аз қамтылған отбасыларға улы газдан сақтандыру датчиктері (газоанализаторлар) орнатылды.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданда 2 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда қосымша біліммен қамту деңгейі 87,7%-ды құрайды. Аудан бойынша сауықтыру лагерьлерінің желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Кеңгірбай би ауылдық округіндегі 40 орынды жаңа сауықтыру лагерінің құрылысы 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Аудан орталығы Қарауыл ауылында облыстық Білім басқармасына қарасты «Абай колледжі»» КММ жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта контингенті -141 студент, оның 14-і 18 жасқа толмаған балалар. Колледжде 6 мамандық бойынша білім алады, жыл сайынғы түлектердің жұмыспен қамтылуы 80-90% құрайды.
-Біз жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ерекше қамқорлыққа алып отырмыз. Аудан бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 6. Олардың әрқайсысының атына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашылып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін әкімдікке кезекке тұрғызылды. Қамқоршылық және қорғаншылық органы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды анықтау бойынша нақты жұмыстар атқарып, денсаулық сақтау және аудандық ішкі істер бөлімімен тығыз жұмыс жасалып отыр, – деді аудан әкімі.
Абай ауданында балалардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Бұл шаралар әрбір баланың бақытты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған.