Абай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

                                                                   шешіміне қосымша 1

 

 

Абай ауданында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

 

  1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Абай ауданында тұратын, жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

          кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

           коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

          мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) жиынтық табысына шекті жол берілетін шығыстар үлесі 10 (он) пайыз мөлшерінде.

          Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың жиыны ретінде айқындалады.

  1. Тұрғын үй көмегін тағайындау «Абай облысы Абай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалары бөлімі» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырылады.
  2. Аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысын уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірген тоқсанның алдындағы тоқсанға «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен есептейді.
  3. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергілікті өкілді органдар 10 пайыздан асырмай белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
  4. Телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлем тарифтерінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ «Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.
  5. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 Тұрғын үй көмегін беру қағидаларына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына және/немесе «электрондық үкімет» веб-порталына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүгінеді.

      Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

  1. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.
  2. Тұрғын үй көмегін тағайындау аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тиісті қаржы жылына арналған аудан бюджетінде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
  3. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аудару жолымен жүзеге асырады.

 

 

Дата публикации
29 февраля 2024