«15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылар құқықтарын қорғау күні»

      «15 наурыз – Дүниежүзілік тұтынушылар құқықтарын қорғау күні»

 

Дүниежүзілік тұтынушылар құқықтарын қорғау күнінің тарихы 1961 жылы АҚШ президенті Джон Кеннедидің Конгресте сөйлеген сөзінен басталды. Ол тұтынушының төрт негізгі құқығын тұжырымдады: ақпарат алу құқығы, қауіпсіздік құқығы, таңдау құқығы және хабардар болу құқығы. Кейінірек оларға зиянды өтеу құқығы, тұтынушылық білім алу құқығы, негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыру құқығы және салауатты қоршаған орта құқығы қосылды.

Тұтынушылар құқығын қорғау күні алғаш рет 1983 жылдың 15 наурызында атап өтіліп, сол кезде мерекелік күндердің халықаралық күнтізбесінде Дүниежүзілік тұтынушылардың құқығын қорғау күні болып бекітілген.

Жыл сайын салтанатты іс-шаралар белгілі бір тақырыпқа арналады. Оны Дүниежүзілік тұтынушылар одағы ұйымы анықтайды. 2022 жылы Consumers International жұртшылықты цифрлық қаржылық қызметтер сегментіндегі тұтынушылардың құқықтарына назар аударуға шақырды, сондықтан 2022 жылдың 15 наурызында Дүниежүзілік тұтынушылар құқықтарын қорғау күнін «Fair Digital Finance» - «Әділ цифрлық қаржылық қызметтер» ұранымен өткізу туралы шешім қабылданды.

Бүгінгі таңда қаржылық қызметтер нарығы үнемі дамып, өсіп келеді. Қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау қалай жүзеге асырылатындығын түсінбес бұрын, осы салаға қатысты қызметтер спектрін реттеу керек. Ұйымдар тұтынушыларға банктік шоттарға ақша орналастыруға немесе оларды белгілі бір пайыздық мөлшерлемемен пайдалануға мүмкіндік береді. Мұндай компаниялардың тізіміне сақтандыру ұйымдары, банк мекемелері, микрокредит беру фирмалары енеді. Қызметтерді ұсыну оларды алу орнына қарай жіктеледі: тұтынушы салым жасай алады немесе есеп айырысу-кассалық операцияны жүзеге асыра алады, ақша аудара алады, несие ала алады, депозиттермен жұмыс жасай алады, мүлікті бағалай алады, сақтандыру қызметтерін ала алады. Қаржы нарығындағы кез-келген іс-әрекет тұтынушының құқықтарының болуын көздейтін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жасалуы тиіс: ақпарат алу, тұтынушы қаржы ұйымы мен оның қызметі туралы толық хабардар болуы тиіс, тұтынушы қызметтер пакетін өз бетінше анықтауға құқылы және т. б.

Цифрлық технологиялар мен интернетті пайдалану қаржы ұйымдарына өз қызметтеріне қол жеткізуді жылдамдатуға және жеңілдетуге мүмкіндік берді. Банкоматтар, банктік төлем және банктік емес терминалдар – өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғылары, сатушының қатысуынсыз тауарлар мен қызметтерді төлеуге немесе банк кассирінің қатысуынсыз қолма-қол ақшаны алуға мүмкіндік беретін төлем құралдары.

Мобильді банк, интернет-банк – пайдаланушыға өзінің банктік және карточкалық шотының жай-күйін қашықтықтан бақылауға, сондай-ақ үйден шықпай, компьютердің, планшеттің, ұялы телефонның көмегімен төлемдер, аударымдар және сатып алулар жасауға мүмкіндік беретін бағдарламалық өнімдер.

Электрондық ақша – сандық төлем құралдары. Оларды пайдалану үшін электронды әмиян – банктік шоттың аналогы қажет. Электрондық ақшаның көмегімен пайдаланушы интернет-сатып алуларды төлей алады, алушыларға өзі туралы ең аз ақпарат бере отырып, ақша аударымдары мен төлемдер жасай алады.

Алайда, цифрлық экономиканың болашақта сәтті дамуы осы салада қолданылатын барлық технологиялар көпшілікке қол жетімді болып қана қоймай, алаяқтықтан, теріс пайдаланудан және техникалық қателіктерден қорғалған жағдайда ғана мүмкін болады. Алаяқтардың қолына қалай түспеуге болады?

Қаржы саласындағы ең көп таралған қызмет – бұл несие шарттарын жасасу, оны жасамас бұрын тұтынушыларға оларды дұрыс таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ететін қызметтер туралы толық, қажетті және сенімді ақпарат берілуі, танысу үшін несие шартының типтік нысанын ұсыну, несие шарттарының мазмұны қол жетімді және түсінікті болуы тиіс. Тұтынушылармен жасалған шарттарға тұтынушының заңда белгіленген құқықтарына нұқсан келтіретін шарттар енгізілмеуі, кредит алу кезінде ақылы қосымша қызметтерді алу қосылмауы тиіс. Банктен несиені жабу кезінде жабу туралы анықтама алу қажет. Әйтпесе, біраз уақыттан кейін олар сізге қоңырау шалып, төлем жасалмағанын айтады, сізге қосымша ақы төлеуге тура келеді. Одан әрі, банкоматты пайдалану кезінде әрбір банкоматта көрнекі және қолжетімді түрде тұтынушыларға банкомат жұмысы, банк картасын пайдалану кезінде мәселелер туындаған жағдайда тұтынушының іс-қимылы, сондай-ақ банкоматтың сапасыз жұмысы жағдайында хабарласатын қызметтердің телефондары туралы ақпарат жариялануы, банкоматтардың үздіксіз жұмысын, оның ішінде демалыс және мереке күндері жұмыс істеуін қамтамасыз етуі, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жандандыруы тиіс екенін есте ұстаған жөн.

Микроқарыздар ақшалай мәселелердің ыңғайлы шешімі болып табылады. Микроқарыз алмас бұрын, микроқарыздың негізгі қыр-сырын зерттеу қажет. Оларды білмесе қарызға батып, отбасы мен денсаулыққа зиян келуі мүмкін. Сондықтан ойланып, барлық оң және теріс жағын талдауға кеңес береміз. Ең бастысы – пайыздық мөлшерлеме және микроқарыз мерзімі. Бірінші кезіккен микроқаржы ұйымына бармаңыз, әртүрлі ұсыныстарды зерттеп, ең төменгі пайыздық мөлшерлемені таңдаңыз. Келісім-шарт жасаспас бұрын сізге қарыз талаптары, сіздің құқықтарыңыз бен міндеттеріңіз туралы толық ақпарат беруге міндетті. Мерзімінен бұрын өтеу тәртібін, комиссиялардың мөлшерін және айыппұл санкцияларының шарттарын мұқият қараңыз. Тұтынушылық қызмет ретінде микрокредиттер тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Заңның талаптарына бағынады

Бүгінгі ақша – бұл қозғаушы күш, сондықтан әркім кез-келген жолмен үлкен табыс табуға тырысады. Қаржы нарығы өте дамыған, сондықтан әр түрлі несиелік ұйымдар, сақтандыру компаниялары көп және барлығына табыс қажет. Сондықтан тұтынушыларды шақыратын түрлі акциялар пайда болады. Клиент өте мұқият болып, келісім-шартты толық оқымай және түсінбей оған қол қою қажет емес. Клиентке жақсы жағынан белгілі қаржы кеңселеріне жүгінген дұрыс.

Барлығына әділ цифрлық қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін жаһандық, бірлескен және үйлестірілген тәсіл қажет. Сандық қаржылық қызметтердің тез дамып келе жатқан және күрделі сипаты реттеудің инновациялық тәсілдеріне, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғауға және кеңейтуге негізделген сандық қаржылық қызметтер мен өнімдерге қажеттілікті көрсетеді.

Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ШҚО тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады (Өскемен қ., Крылов к-сі, 114, телефон 8/7232/267207, эл.мекен-жайы: dzpp.vko@mti.gov.kz).

Өз құқықтарыңызды қорғаңыз және сауатты тұтынушы болыңыз!

 

 

 

 

 

Дата публикации
09 марта 2022