Тоқтамыс ауылдық округінің әкімі А.Қ.Садырбайдың есебі
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында туындайтын міндеттерді және аудан әкімінің тапсырмаларын орындауда өткен 2021 жылы Тоқтамыс ауылдық округінде де біршама жұмыстар атқарылды. Барлық ұйымдастыру, саяси жұмыстар Мемлекет басшысы Жолдауын халыққа түсіндіруге, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтауға бағытталды.
Өткен жыл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халық тұрмысының жақсаруына жаңа серпін бергені ақиқат.Себебі тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында елімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Ауыл халқының тұрмыстарына да оң өзгерістер келді. Ауылдарды көркейту, көгалдандыру, абаттандыру, жарықтандыру және жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу жұмыстары қолға алынды. Осы Тәуелсіз елдің шағын бөлігі Тоқтамыс ауылдық округінде бүгінгі күнде 149 жанұя құрамында 686 адам тұрады. Оның ішінде 0-18 жас аралығында – 206, 18-29 жас аралығында – 77, зейнеткерлер – 60, оқушылар – 83, мүмкіндігі шектеулі жандар – 39, асыраушысынан айырылған – 11, патент арқылы жұмыс істейтіндер – 8.
Халыққа әкімшілік, орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, өрт сөндіру тірек пункті, 128 нүкте спутниктік телефон жүйесі, «Билайн» жүздік байланыс жүйесі, почта бөлімшесі қызметкері, 4 каналды телеорталық, кітапхана, клуб үйі, мешіт, учаскелік полиция қызметкері, 5 мал дәрігері, су құбыры операторы, 35 шаруа қожалығы, 8 жеке кәсіпкер қызмет көрсетіп отыр.
Ауылдың негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы. Елбасымыздың Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес ауылшаруашылығын барынша өркендету бүгінгі күнге ең басты міндеттеріміздің бірі. Осы орайда біздің Тоқтамыс ауылында да игілікті іс-шаралар іске асырылып келеді. Ауылдық округте ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 35 шаруа қожалығы және жеке шаруашылық иелері шұғылданады. Мал басы 2020 жылы 7462 бас МІҚ болса, 2021 жылы 6500 бас болып 87,1 % болып МІҚ басы кеміді. Ұсақ мал 2020 жылы 9227 бас болса, 2021 жылы 5050 бас болып 54,7 пайызды құрады. Жылқы малы 2020 жылы 4089 бас болса, 2021 жылы 4940 бас болып 120,8 % өсті. Бұл малдардың барлығы ИСЖ базасына енгізіліп,статистика мәліметтерімен теңестірілді.Әйтседе ауылда интернет жүйесінің болмауы айлық есеп беру кезінде қиындық туғызып,сәйкессіздіктерге әкелуде.Мал басына байланысты одан өндірілген өнім көлемі де өзгерді. 2020 жылы ет өнімдері 35984 ц болса, 2021 жылы 36735 ц болып 102,0 %, сүт өнімдері 2020 жылы 73631 ц болса, 2021 жылы 77852 ц болып 105,7 %, жұмыртқа 2020 жылы 116000 дана болса, 2021 жылы 117600 дана болып 101,3 % өсті.
Жүн 2020 жылы 350 ц болса, 2021 жылы 358 ц болып 102,2 % орындалды. 2020 жылы ауылшаруашылығымен 34 шаруа қожалығы шұғылданса, 2021 жылы 35 шаруа қожалығы шұғылдануда.
Мал тұқымын асылдандыру мал өнімдерін көбейтудің бірден-бір дұрыс жолы болса, бұрындары МІҚ малын асылдандырумен «Темірлан» , « Көлбай »шаруашылықтары шұғылданса ,былтырғы жылы қой малын асылдандырумен «Өтемырза», «Тиыштағұл» шаруа қожалықтары шұғылданып , асыл тұқымды шаруашылық статустарын алды .
Ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының алдын-алу мақсатында жүргізілетін ветеринариялық алдын-алу шаралары 2021 жылғы жоспарға сәйкес орындалды.
Өркендеуіміздің өзекті міндеттерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Ауылымызда 35 шаруа қожалығынан басқа 8 жеке кәсіпкер бар. Олардың 3-уі саудамен, 2-уі жолаушы тасымалдаумен, 1-уі мал сою алаңы, 1-уі мал дәрігерлік пункт,1-уі қонақ үй қызметімен шұғылданады. Әйтсе де, халық санының аздығы, ауылымыздың тас жолдан қашықтығы себебінен шағын және орта бизнесті өз мәнінде жүргізе алмай отырғанымыз анық. Бүгінгі күнге ауылымызда талапқа сай бір дүкеннің болмауы ауылдағы кәсіпкерлерге сын деп түсінемін. Дегенмен қазіргі таңда шаруашылықтарын дамытып, қора-жайларын заманға сай жөндеп отырған шаруашылықтар баршылық. Оның ішінде атап айтсақ «Дулат», «Көлбай», «Темірлан», «Хан», «Әміре», «Сәулет», «Кәкім», «Шаған», «Назар», «Нұржан», «Өтемырза», «Аққозы», «Шахмардан»шаруа қожалықтары заман талабына сай жұмыс жасап отыр.
Жергілікті кіріс көздері бюджет саласына келсек 2021 жылы 26 млн 791800 теңге қарастырылса, ол 26 млн 790856 теңге болып 99,9 % болып игерілді. Жергілікті салықтар атап айтсақ жеке тұлғалар бойынша жер салығы мен мүлік салығы 100 % орындалды. Көлік салығы жоспар 1 053 000 теңге болса, 2 093 900 теңге болып 1млн 40 мың 90 теңгеге артық орындалды. Шаруа қожалықтары бойынша салық түрлері салық комитетінің берген тапсырмасы бойынша орындалуда. Салық жылының аяғы наурыз айында толықтай тапсырма орындалады деп отырмыз. Жыл бойы 20 адам еңбек биржасы арқылы жұмыссыздыққа тіркеліп, қоғамдық жұмысқа тартылды. 2021 жылы 16 отбасы, яғни, 85 адам атаулы әлеуметтік көмекке құжаттарын тапсырып 4 млн 196 000 теңге жәрдемақы алды.2 отбасы 42923 теңгенің тұрғын үй көмегін алды, 12 отбасы,яғни 21 бала азық-түлік көмегімен, гигиеналық құралдар алды.
Ауылдағы екінші үлкен сала – білім саласы. «Ж.Молдағалиев атындағы орта мектебі» КММ-нде бүгінгі күні 83 бала білім алса, оған 28 ұстаз дәріс береді. МАД-та 8 бала, шағын орталықта 25 бала тәрбиеленуде. Мектепте компьютер класы, мультимедия-логистикалық кабинеті, стандартқа сай жабдықталған физика, биология, химия кабинеттері жұмыс істеп тұр.Сонымен қоса Оразалиндер отбасының демеушілігімен ұлағатты ұстаз Қайырлыхан Оразалин атындағы математика кабинеті жабдықталып,пайдаланысқа берілді. Қазақша күрес, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы секциялары қалыпты жұмыс істеуде. Мектеп спортшылары аудандық, облыстық жарыстарға қатысып жүлделі орындардан көрінуі мектептің, ауылдың қуанышы деп білеміз. Сонымен қатар мектептің сан.узелі іске қосылғанын білесіздер. Мектептің спорт залы ауыл жастарына есігін айқара ашып аптаның 3 күнінде волейбол секциясы жұмыс істеуде. Хоккей кортына да мұз құйылып, қалыпты жұмыс жасап тұр.
Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 1 фельдшер, 3 мейірбике жұмыс жасайды. Амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өткен.Былтырғы жылы төбесі жылыланып,печі ауыстырылды. Жаңа автокөлікпен қамтамасыз етілген.
Профилақтикалық шаралар, вакцинация жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп отырады. Қазіргі таңда мал бордақылау ісімен шұғылданып отырған тұлғаларды ауыл тұрғындары болып қолдаймыз, қарсылығымыз жоқ. Бірақ, көктемгі тазалық айлығына байланысты ауыл әкімі трактор, жүк көлігін тауып береді демей қора-жайдан, малдан шыққан қоқыс-қалдықтарды уақытылы шығарып, үйдің ауласын таза ұстап, үй мен шарбақтарды сылап, бояп отыру керек. Себебі, ауылдың тазалығы өзімізге қажет. Күн жылынысымен ақтау, сырлау жұмыстары әр үйде, мекемеде жүргізілуі керек. Былтырғы жылы «Шайзинда» СПК көмегімен МІҚ малдарын жайлауға шығардық.Алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді.Ауылдың маңайының жайылымы демалып,жақсы болып қалғанын көздеріңіз көрді.
Мәдениет саласы бойынша клуб үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мерекелік күндер аталып өтіп отырады.Пандемияға байланысты көпшілікпен өтетін шаралар шектелгенмен,мерекелер аталып өтіп отырды, 8-наурыз халықаралық әйелдер күні құрметіне 16 «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне, 1 қарт анаға және 1 тұрмыс жағдайы төмен анаға құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат жасалды.9-мамыр Ұлы Жеңістің 76 жылдығы Батырлар аллеясында мерекелік парад өткізіліп, гүл шоқтары қойылды. Өмірден өткен ардагерлер еске алынып, 1 минут үнсіздік жарияланып барлығының аттары аталып «Тыл» ардагерлеріне сыйлықтар тапсырылды. «Тәуелсіздік күні» мерекесінде салтанатты жиын өтіп,ауылдың белсенді 25 азаматына ауыл әкімінің «Алғыс Хаты» табыс етілді. 1-қазан қарттар күніне байланысты қарттарға сый-сыяпат жасалды.Ауылда Жаңа жыл кеші де жылдағы дәстүр бойынша жастардың би кешімен жалғасты. Сонымен қоса ауыл әкімшілігі атынан 2 тұрмыс жағдайы ауыр отбасына жаңа жылдық сый-сияпат жасалып,азық-түліктей көмек жасалды.Мектептің жас ұстаздары атынан 2 отбасына жаңа жылдық силық жасалды.
Осы өтіп жатқан іс-шараларға, күзгі астар, мерекелік іс-шаралардың барлығына ауылдағы шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер демеушілік жасап отыр. Жұмыс жүргізіп отырған шаруа қожалықтарының сырт қалып отырғаны жоқ.Былтырғы жылы Көркембаевтар отбасы 7 отбасына 35 рулон шөп тегін берсе,Мұхтаров Даулет 3 отбасына 15 рулон шөп және 1 отбасына 1 қой қөмек жасады.Ауыл жастары 4 отбасына 50 000 теңгеден 200 000 теңге ақшадай және 1 отбасына 3 тонна көмір түсіріп берді.Әбділдиндер отбасы арзандатылған бағамен шөп сатса,әкімшілік тарапынан 3 отбасына 6 т көмір түсіріліп берілді.Сол себептен де, бұл азаматтардың барлығына да ауыл халқы атынан, өз атымнан алғыс айтқым келеді. Ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 2014 жылдан бастап таза су құбыры тартылған. Қазіргі таңда қалыпты жұмыс жасап отыр. Бұл жерде осыған ие болып отырған Мырзалин Мырзабектің де еңбегін айта кеткен орынды. Ауылдық округ бойынша сыбайлас жемқорлыққа, қылмысқа қарсы, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша комиссия құрылып, жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліп отырады. Шаруа қожалық жетекшілерімен Еңбек Заңнамаларын сақтау жөніндегі түсінік жұмыстары жүргізіліп, ішкі істер қызметкерлерімен бірлесіп бірнеше рет рейдтер ұйымдастырылды.
Биылғы 2022 жылы да мемлекет басшысының Жолдауына байланысты ауқымды істер күтіп тұр. Ауылымыздағы тазалық жұмыстары, 1 көшені жарықтандыру, интернет желісін іске қосу,19 км тау іші жолын жылына 2 рет грейдерлету сияқты кезек күттірмес іс-шаралар тұр.