Архат ауылдық округінің әкімі Молдаханов Ринат Жанатбекұлының халық алдында есеп беру баяндамасы

Архат ауылдық округінің әкімі Молдаханов Ринат Жанатбекұлының халық алдында есеп беру баяндамасы

 

2021 жыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен есте қалмақ. Сонымен қатар, үлкен саяси реформа деуге болады, Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына өзгерістер енгізіліп, ауылдық округ әкімдерін тұрғылықты ауыл тұрғындары өздері сайлайтын болды.

Әлемді шарпыған COVID-19 індеті облыс, аудан тіпті ауылымызда атқарылмақ іс-шараларға өз кесірін тигізбей қойған жоқ. Пандемия күнделікті өміріміздің өзіне түзетулер енгізді. Бүгінгі күннің өзінде одан 100 пайыз құтылып кете алмай отырмыз. Осы індет басталғалы денсаулық сақтау мамандарына да тыным болмай, шамалары келгенше індетпен күресті. Оңай болған жоқ, себебі бұрын соңды болмаған, өзі адам қолымен жасалған індет болғандықтан онымен күресу де оңай болмады. Халықты вакцинациялау жұмыстары кезінде де жұмыстарын уақытылы әрі тиянақты орындады.

Ауыл әкімдігі пандемияға байланысты Шығыс Қазақстан облыстық бас санитарлық дәрігерінің  қаулысымен қабылданған шектеулерді  дер кезінде ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлерге насихат, түсініктеме жұмыстары арқылы жеткізіп отырды.

Халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп жасалған  нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының орындалуының кешенді жоспары орындалды деуге болады. Мысалы, жыл көлемінде, ақылы қоғамдық жұмыспен 29 (жоспар 28) адам, жастар практикасына 5 (жоспар 4) адам, әлеуметтік жұмыс орнымен 7 (жоспар 4) адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға адамдар ниет білдірмеген, 200 айлық есептік көрсеткіштік грантқа 10 адам ниет білдіріп, оның 4 (жоспар 7) қамтылды.

Өткен жылғы қатаң мал азығын дайындау жұмыстары өз уақытымен жүріп, шөп шабу бригадаларының уақытылы әрі сапалы дайындығының арқасында жоспар толықтай орындалып, 13 мың тоннаға жуық қатаң мал азығын әзірленді. Шаруа қожалықтарының күшімен былтырғы жылы қосымша 2 жаңа трактор және қосалқы техникалар сатып алынды. Биылғы жылы 7 шаруа қожалық жаңа трактор сатып алуға ниет білдіріп отыр.

Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру дерекқоры мен статистика көрсеткіші арасындағы малдардың саны бойынша айырмашылық ретке келтіріліп, МІҚ саны 6 532 құрап, өткен жылмен салыстырғанда 32% артты, жылқы саны 4 940 құрап, өткен жылмен салыстырғанда 24% артты, қой-ешкі саны 8 957 құрап, 25% кеміді.

Агроөнеркәсіпті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 20 шаруа қожалығының ауыл шаруашылығы техникасын, асыл тұрымды МІҚ, жем-шөп сатып алуға жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеліп, тиесілі шамамен 45 млн. теңге субсидияға қол жеткізді. Бұған қоса «Үшбиік» кооперативі Аграрлық несие корпорациясынан 55 млн. теңгеге несие рәсімдеп, 70 бас асыл тұқымды МІҚ сатып алып, жаңа мал қора тұрғызды.

Сонымен қатар, ауылға қарасты 6 шаруа қожалығына электр желісін тартуға жиына 128,5 млн. теңге көлемінде жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, аймақтық координациялық кеңестің шешімімен оң қолдау тауып, бюджеттік өтінім жасауға облыстық салалық басқармаға тиісті құжаттар әзірленуде.

2021 жылы ауыл бюджетінен қарастырылған қаражат есебінен 1 026 мың теңгеге З.Белібаев көшесі жарықтандырылып, 1 322 мың теңгеге балалар ойнау алаңына жөндеу, 300 мың теңгеге қоқыс тазалау жұмыстары жүргізілді.

Бұған қоса, үнемделген қаражат есебінен Архат және Орда елді мекендерінен арнайы интернет құрылғысын орнатуға жер учаскесі белгіленіп, құжаттары толығымен рәсімделді. Интернет құрылғысын орнату биылғы жылдың еншісінде.

Туған жерге тағзым акциясы аясында, ауылымыздың 2001 жылғы түлектері 800 мың теңге қаражатқа ауылымыздың төменгі жағында орналасқан тоғайларды 200 метр шарбақпен қоршап, демалыс орнын тұрғызып, 100 түк жеміс ағаштарын отырғызды.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының белсенділігінің арқасында 100 мың теңге қаражат жинастырылып, бірнеше жылдар бері қараусыз келген 2 құдық толық тазартудан өтіп, күрделі жөндеу жасалып, сыртына қоршау орнатылды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының стратегиясына сай, батыр бабамыз Мамай батырдың рухына тағзым ретінде Орда елді мекенінде орналасқан Мамай батыр кесенесін күрделі жөндеуді ауыл халқы, батыр ұрпақтары болып жұмылып бастап та кеттік. Заманауи тұрғыдағы қоршау жұмыстары сәтті аяқталып, бояу және ақтау мен абаттандыру жұмыстары көктемде аяқталады деп сенемін. Бұл жұмыстарды атқаруға арнайы қорға 1,5 млн. теңге қаражат жиналды.

          Хоккей алаңына жылдағыдай өткен желтоқсан айында мұз айдыны құйылды. Бұл нысанды ауыл балалары толық пайдаланып отыр. Арнайы жарықпен және әуенмен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы футбол алаңын толығымен жөндеуге ауыл бюджетінен қаражат қарастырылып отыр.

Жылда көктемгі тазалық айлығында тазарту жұмыстары тұрғындар тарапынан уақытылы ұйымдастырылып тұрады. Көктемгі тазалық айлығына 4 МТЗ-82 тиегіш тракторлары,  4 ГАЗ-53 автомашиналары  тіркемелерімен тартылды. Жеке аулаларда жаппай сылау, ағарту, сырлау жұмыстары жүргізілді. Көше бойындағы банерлер мерекелік тақырыптарға сай ауыстырылып тұрады.

Архат ауылдық округі бойынша 01.01.2021 жылға 904 адам тұрады. Округтің жер көлемі 236 мың га жерді алып жатыр. Ауылымызда 6 дүкен, 2 кітапхана, 1 пошта бөлімшесі, 114 телефон байланысы нүктесі, «Билайн», «Актив», Теле2 мобильді байланыс жүйесі, 1 тойхана, 1 жанар жағар май құю станциясы, 1 өртсөндіру тірек пункті. Бәрі де адам игілігі үшін халықтың тұрмыс тіршілігін жақсарту үшін қызмет жасап жатыр. Ауылымыз негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатын болғандықтан, негізгі даму бағытымыз да осы шаруашылықты  дамыту, өркендету болып табылады. Осы бағытта  61 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Сонымен бірге 216 жеке ауланың 190 ауласында мал бастарын өсірумен шұғылданады.

Алдағы уақытта ауыл тұрғындарына қажетті қосымша инфрақұрылымдарды тұрғызуға ауылдан шыққан бизнес өкілдері ниет білдіріп отыр. Ең керегі заманауи мешіт, қоғамдық монша, шаштараз, мал сою алаңы мен тоңазытылған ет сақтау қоймасы.

Дата публикации
19 января 2022