Елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары

Жоба

 

Елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қағидалары

 

  1. Жалпы ережелер

 

 

  1. 1.  Абай ауданының елді мекеніне бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізудің осы қағидалары (бұдан әрі-Қағидалар) «Тұрғын үй қатынастары туралы»   1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң)      10-3-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес өзге де нормативтік құқықтық актілермен әзірленді және Абай аудананының елді мекеніне бірыңғай сәулеттік  келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу  тәртібін айқындайды.  
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

1) кондоминиум объектісі – дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан және дара (бөлек) меншікте болмайтын және пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелеріне көппәтерлі тұрғын үй тұрған біртұтас бөлінбейтін жер учаскесін және (немесе) үй жанындағы жер учаскесін қоса алғанда, ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі ортақ мүліктен тұратын біртұтас мүліктік кешен;

2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі – дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан басқа, кондоминиум объектісінің бөліктері (қасбеттер, кіреберістер, вестибюльдер, холдар, дәліздер, баспалдақ марштары мен баспалдақ алаңдары, лифтілер, шатырлар, шатырастылар, техникалық қабаттар, жертөлелер, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, абоненттік пошта жәшіктері, көппәтерлі тұрғын үй тұрған жер учаскесі және (немесе) үй жанындағы жер учаскесі, абаттандыру элементтері және ортақ пайдаланылатын басқа да мүлік);

3)  кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ағымдағы жөндеу –мерзімінен бұрын тозуын болғызбау және ақауларын жою мақсатында жүргізілетін, көппәтерлі тұрғын үйдің нормативтік және техникалық құжаттамада белгіленген құрама бөліктері мен инженерлік жабдықтарын ауыстыру немесе қалпына келтіру жөніндегі уақтылы техникалық іс-шаралар мен жұмыстар кешені;

4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу – көппәтерлі тұрғын үйдің ресурсын қалпына келтіру мақсатында жүргізілетін, көппәтерлі тұрғын үйдің тозған конструкцияларын, бөлшектерін және инженерлік жабдықтарын жаңа немесе анағұрлым мықты және үнемді, жөнделетін объектілердің пайдалану көрсеткіштерін жақсартатын түрлеріне ауыстыру жөніндегі іс-шаралар мен жұмыстар кешені;

5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін техникалық пайдалану, санитариялық күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер кешені;

6) көппәтерлі тұрғын үй – ортақ үлестік меншік болып табылатын кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен және көппәтерлі тұрғын үйге іргелес жатқан жер учаскесіне не кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің өзге де бөліктеріне дербес шығатын жерлері бар екі және одан көп пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан тұратын, біртұтас бөлінбейтін жер учаскесінде біртұтас іргетасы бар жеке тұрған ғимарат;

7) бірыңғай сәулеттік стиль - құрылыста пайдаланылатын, аумақтың белгілі бір құрылыс ауданына, оның ішінде жеке құрылысқа тән бірыңғай белгілердің жиынтығы. Негізгі параметрлер сыртқы келбеті, сәулеттік стилі, түсті шешімі, қабаттылығы, әрлеу материалдары болып табылады. Жеке құрылыс ауданы үшін негізгі параметрлер сыртқы келбеті, сәулеттік стилі, түсті шешімі, қабаттылығы, әрлеу материалдары, қоршаулар, шатырдың типі және учаске аумағында шаруашылық-тұрмыстық құрылыстардың орналасуы болып табылады;

8) шатыр - ғимаратты атмосфералық жауын-шашынның енуінен сақтайтын жабынның жоғарғы элементі. Көтергіш конструкцияларға немесе жылытқышқа (шатырсыз шатырларға) салынатын су өткізбейтін қабаттан және негізден (торлардан, тұтас төсемеден, кермеден) тұрады;

9) қасбет-құрылыстың (ғимараттың) сыртқы (алдыңғы) жағы.

  1. Осы қағидалар елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге ғана қолданылады.

 

  1. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру тәртібі

 

  1. Бірыңғай сәулеттік стиль тұжырымдамасын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері әзірлейді және бекітеді және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының ажырамас бөлігі болып табылады.
  2. Бірыңғай сәулеттік стиль тұжырымдамасы бекітілгеннен кейін бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізу қажет.
  3. Аудан әкімдіктері егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында сәулеттік стильдің негізгі параметрлерін қарастырады.
  4. Тұрғын үй қоры саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган «Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ тиісті елді мекендерінің әкімдерімен және сәулет істері жөніндегі жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесімен бірлесіп, елді мекендердің бірыңғай сәулеттік келбетінің бекітілген тұжырымдамасы мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының негізінде елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беру үшін қасбеттерге, шатырларға ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізуді талап ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін анықтайды.
  5. Жеке және заңды тұлғаларды өздерiнiң мекендейтiн және тiршiлiк ететiн ортасының жай-күйi туралы, сондай-ақ аумаққа құрылыс салу (қайта жоспарлау) ниеттерi туралы, оның ішінде қасбеттерге, шатырларға ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізуді талап ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің бекітілген тізбесіне сәйкес бірыңғай сәулеттік келбет беру үшін қасбеттерге, шатырларға ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізу туралы хабардар ету аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе қоғамдық талқылаулар, экспозициялар мен көрмелер өткізу арқылы жүзеге асырады.  
  6. Жүргізілген қоғамдық талқылаулардың нәтижелері бойынша және жергілікті бюджет қаражаты болған кезде елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беру үшін қасбеттерге, шатырларға ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізуді талап ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің бекітілген тізбесі негізінде Абай ауданындағы ауыл әкімдіктерімен келесі жұмыстар ұйымдастырылады:

1) елді мекеннің бірыңғай сәулеттік келбетінің жобасымен бекіте отырып, көппәтерлі тұрғын үйлердің пәтерлері мен тұрғын емес үй – жайларының (олар болған жағдайда) меншік иелерін таныстыру;

2) көппәтерлі тұрғын үйлердің пәтер және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерін жоспарланған жұмыстар және оларды жүргізудің болжамды мерзімдері туралы ақпараттандыру.

 

  1. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу тәртібі

 

  1. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі құрылыс нормаларының талаптарына сәйкес жұмыстардың құрамы мен көлемін белгілеу, бірыңғай сәулеттік келбет беру үшін қасбетті және (немесе) шатырды жөндеу үлгісін (ағымдағы немесе күрделі) айқындау үшін әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің техникалық жай-күйін тексеруді ұйымдастырады.

Үйдің техникалық жағдайын тексеру табиғи тозу дәрежесін белгілеу, көтергіш конструкциялардың қосымша жүк-салмақтарды қабылдау мүмкіндігін анықтау және қажет болған жағдайда осы конструкцияларды күшейту, негіз топырақтарын нығайту және іргетастарды күшейту, сондай-ақ одан әрі мониторинг жүргізу бойынша іс-шараларды әзірлеу мақсатында орындалады.

  1. Қасбеттер мен шатыр конструкцияларын күшейту, негіз топырақтарын нығайту және іргетастарды күшейту бойынша іс-шаралар, қажет болған жағдайда бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған қасбеттерді, шатырларды күрделі жөндеу жобасында көзделеді.
  2.  Үйдің техникалық жай-күйін тексеру қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жергілікті бюджет қаражаты есебінен тиісті жобалар жөніндегі сараптама қорытындысын ала отырып, ағымдағы жөндеудің сметалық есебін әзірлеу немесе күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау бойынша жұмысты ұйымдастырады.
  3. Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық тексеру аккредиттелген заңды тұлғалармен жүзеге асырылады.
  4. Жобалау тиісті лицензиялары бар мамандандырылған ұйымдардың күшімен орындалады.
  5. Күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды жобалау және ағымдағы жөндеудің сметалық есебін әзірлеу кезінде қолданыстағы заңнаманы және нормативтерді басшылыққа алу қажет.
  6. Қағидалардың 10-тармағына сәйкес айқындалған, тиісті сараптамадан және (немесе) көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін және шатырларын ағымдағы жөндеудің сметалық құнынан өткен күрделі жөндеу жобалары бекітілгеннен кейін бюджеттік бағдарлама әкімшісі бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес бюджеттік өтінім жасайды және ұсынады.
  7. Бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшісімен іске асырылады.
  8. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы және күрделі жөндеу бірыңғай сәулеттік стиль тұжырымдамасында және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында көзделген нормативтік техникалық құжаттарға және негізгі параметрлерге сәйкес орындалады.

Ғимараттардың қасбеттері елді мекен мен ққоршаған қала құрылысы ортасының айрықша эстетикалық сипаттамаларын (стильдік және композициялық тұтастығын, ырғағын, өлшемдер сәйкестігі мен тепе-теңдігін, сырттай қабылдануын, ашық және жабық кеңістіктердің тепе-теңдігін) көрсетуі, түстік шешімі сәулет шешімінің ерекшеліктеріне сәйкес келуі және елді мекеннің бірыңғай сәулеттік келбетін беруге бағытталуы тиіс.

  1. Бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі жұмыстарды қабылдау сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес тапсырыс берушімен жүзеге асырылады.
  2. Жұмыстарды қабылдау кезінде тұрғын үй қорын басқару саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган мүлік меншік иелері бірлестігінің төрағасына немесе көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігінің сенім білдірілген адамына не көппәтерлі тұрғын үйдің басқарушысына немесе басқарушы компанияға көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін, шатырын ағымдағы немесе күрделі жөндеудің аяқталғаны туралы хабарлама жібереді.
  3. Мердігерлік шартта жұмыс қабылданған күннен бастап кемінде екі жыл кепілдік мерзімі белгіленеді.
  4. Белгіленген кепілдік мерзімі ішінде анықталған сәйкессіздіктер мен бұзушылықтар бойынша жауапкершілік мердігерге (бас мердігерге) оларды жою жөніндегі міндеттемелермен бірге жүктеледі.

 

  1. Қорытынды ережелер

 

  1. Елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу бойынша іс-шараларды қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
  2. Жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін қасбеттер мен шатырларды одан әрі күтіп-ұстау және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуді пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жүзеге асырады.

 

 

Дата публикации
19 ноября 2021