
Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Оразғалиев жұмыс сапарымен Сәтбаев ауылына және округке қарасты Сұлутал елді мекеніне барды.
Онда аудан әкімі Сұлутал бастауыш мектебінде ағымдағы қысқы жылу жағдайын көріп, ішкі температура тиісті нормасында екендігіне көз жеткізді. Айта кету керек, былтыр бюджеттен 2 млн 300 мың теңге қаражат бөлініп, бастауыш мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілген. Бастауыш мектепте оқушылардың тиісті деңгейде білім алуына, шағын орталықта бүлдіршіндердің алаңсыз тәрбиесіне жағдай жасалған. Аудан әкімі ауылдық округ әкімі А.Ерзатовқа аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып, мектепке шаруашылық блокқа арнап жеке ғимарат салу мәселесін шешу жөнінде тапсырма жүктеді.
Аудан әкімі жергілікті тұрғындармен Сұлутал ауылы, жалпы Сәтбаев ауылдық округі бойынша атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті. Тұрғындар келешекті нығайта түсетін жұмыстардың аз еместігінен құлағдар болды. Атап айтқанда, «Дора» туристік аймағының көптеген жұмыс орнын ашуымен бірге, қомақты инвестиция тартуға негіз болғанын жеткізді.
Ауылшаруашылық саласында, соның ішінде егістік жерлерді игеруде «Ықыбай» шаруа қожалығы жаңбырлатып суғару әдісімен 1000 гектар, «Алтын алтай» шаруа қожалығы тамшылатып суғару арқылы 1000 гектар егістік алқапты игеруге қадам жасап, осы бағытта жұмыстанып жатқандығын жеткізді. Бұл өз кезегінде шаруаларды жем-шөппен қамтуға оң септігін тигізбек.
Сонымен қатар, Көктүбек ауылында 80 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжат әзірленгендігі, Көктүбектен (құрылысына республикалық бюджеттен- 113 млн 801 мың тг бөлінді) және Сұлуталдан (республикалық бюджеттен-113 млн 801 мың тг) медициналық пункт салынатындығы, С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің 2-3-щі қабаттарын ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 70 млн теңге қаралғандығы, облыстық бюджеттен бөлінген 425 млн 607 мың теңге қаражатқа Сәтбаев-Көктүбек арасындағы 9 шақырым жолға асфальт төселетіні, облыстық бюджеттен 67 млн теңге бөлініп, Сәтбаев ауылындағы 1,5 шақырым ішкі көше жолына орташа жөндеу жасалатындығы жергілікті тұғындарды қуантып тастады.
Сондай-ақ, ұңғыма үстіндегі павильоннан таза ауызсуды үйді-үйге жеткізу үшін сумен жабдықтау желілерінің құрылыс жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, тәуелсіз сараптамадан оң қорытындысын алып, республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін Абай облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім өткізілген, жоба құны 217 млн 363 мың теңге.
Аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында мемлекет қажетті инфрақұрылымдық жағдайдың бәрін жасайтындығын, ал өз тарапымыздан аудан халқы болып жаппай еңбек қоғамына өтіп, жермен жұмыс істеп, кәсіп игеріп, нарық сұранысына қарай бейімделу керектігімізге кеңінен тоқталды.