Екпін ауылдық округінде тұрғындармен кездесу жиыны өтті

Екпін ауылдық округінде тұрғындармен кездесу жиыны өтті

Екпін ауылында жаңадан мектеп бой көтереді. Ақжолтай жаңалық аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының Екпін ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесуінде белгілі болды. Аталған білім нысаны «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы 2024 жылы салынады.
Округ тұрғындарының көптен күткен тағы бір мәселесінің де түйіні тарқады. Яғни, кәсіпкер Дулат Тастекеев мелекеттік-жекеменшік әріптестікпен ауылдан 150 орындық клуб үйінің құрылысын қолға алады. Кейін мәдениет нысаны мемлекет иелігіне сатып алынып, пайдалануға берілмек. Екпіндегі игі істер мұнымен тоқталған жоқ. Денсаулық саласының қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңадан дәрігерлік амбулатория салынады. Ішінде барлық қажетті құрал-жабдығымен болады.
Ал, Екпін іргесіндегі әуежайдың жері коммуналдық меншікке алынған. Жерлесіміз Дулат Тастекеевтің қолдауымен әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынады. Облыс пен республиканың ірі орталықтарынан шалғай жатқан Ақсуат ауданы үшін әуежайды қайта іске қосу әлеуметтік-стратегиялық маңызы зор жоба саналады.