Меню

Страницы

Статья

Ақсуат ауданының 2022 жылғы 9-айда атқарылған жұмыстары туралы ақпарат.

 

 

Ақсуат ауданының 2022 жылғы 9-айда атқарылған жұмыстары туралы ақпарат.

 

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы жолдауында  көрсетілген негізгі бағыттар аясында аудан халықының әл-ауқатын, экономикалық даму көрсеткіштерін ілгерілету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.  

          Аудан көлемінде іске асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты - халықтың өмір сүру сапасын көтеру, елді мекендерде инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік салада жинақталған мәселелерді тиімді шешу болып табылады.

     Ақсуат ауданы облыстың аграрлық аймағына жатады. Оның ішінде негізгі бағыты мал шаруашылығы болып табылады. Аудан ірі қара малы және қой басы бойынша облыста жетекші орын алады.

     Биылғы жылдың 9 айында 26 млрд. 102,5 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 119,8 % болды.

Ауданда мал басы жыл санап өсіп келеді. Ірі қара малы 139,4 мың, қой мен ешкі – 225,4 мың, жылқы –  27,8 мың басқа жеткізіліп, тиісінше өткен жылмен  салыстырғанда өсім ірі қара бойынша 120%, қой-ешкі 112%, жылқы – 111%-ды құрады. 

2022 жылы ИАС бағдарламасына 559 шаруа қожалығы тіркеліп,  60797 бас аналық ірі қара малының 32826 басына 1313 бас етті бағыттағы асыл тұқымды қазақтың ақбас бұқасын қосып, тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілді.  Яғни, аудандағы барлық аналық ірі қара малдардың 54% түрлендіруге қатысты. 

     Одан басқа ауданда асыл тұқымды мал өсіретін 45 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген.

     Ауданда барлығы 50 бастан 4000 басқа дейін бұқашық бордақылайтын 11 мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр.

     Одан басқа Екпін ауылдық округіне қарасты «Жансая» шаруа қожалығы базасында 1 000 бас бұқашық бордақылауға арналған мал бордақылау алаңын салу жұмыстары іске асырылды. Жоба құны 350,0 млн теңге. Жылдық ет өндіру көлемінің қуаты 300,0 тонна немесе 660,0 млн теңгеге өндірген етін еліміздің облыстарына саудалау жоспарланып отыр. Қосымша 15 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

2022 жылы аудандағы шаруа қожалықтары  асыл тұқымды мал сатып алғаны және тұқымдық түрлендіруге қатысқаны үшін 9 айда 1 млрд 140.0 млн теңгенің субсидиясын алуға қол жеткізді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 105 % болды.

     Аудандағы дала шаруашылығы бойынша егілген егістік алқабы 8422 гектарды құрайды.

«Ықыбай» шаруа қожалығының базасында суармалы егістік жер көлемдерін игеру үшін су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы жаңбырлатқыш машинасын іске қосу  жұмыстары  атқарылуда. Жоба құны 1,2 млрд теңге. Жоба толық іске қосылған кезде қосымша суармалы егістік көлемі 754  га ұлғайып, оның ішінде 500 гектарға жоңышқа, 250 гектарға жүгері, 4 гектарға картоп, көкөніс дақылдары егілетін болады.  Одан алынатын мал азығы 7500 тоннаны құрайды. Қосымша – 25 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

 

     Одан басқа «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік» бағдарламасы аясында Ақсуат ауданының ауыл шаруашылық саласына 2022 жылдың 9 айында 51 жоба бойынша 907,4 млн. теңгенің қаржысы тартылды. Былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда өсім 104% құрады.

     Оған аудан шаруашылықтары 1200  бас ірі қара, 2500 бас қой, 300 бас жылқы және 11 бірлік тракторлар мен 19 бірлік ауылшаруашылығы техникаларының қосалқы жабдықтары сатып алынды.

Ақсуат ауданы бойынша ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі 1 357 290 гектарды құрайды.

Сондай – ақ, ауыл тұрғындарының малдарын жаюға, қыстық қатаң мал азығын дайындау үшін резервке қойылған жер көлемі- 45 500 гектар (3,4%) (Ақсуат- 1200, Екпін- 6000, Жәнтікей - 5000, Көкжыра -2000, Құмкөл  - 400, Қызыл кесік – 10200, Кіндікті – 2200, Ойшілік – 12700, Сәтбаев - 5800 гектар).

2022 жылы төрт рет конкурс өткізіліп 43 жер учаскелері  оның ішінде 315  гектар егістік жер, 146 гектар шабындық жер, 16 339  гектар жайылымдық жер, жиыны 16800 гектар жер телімі  конкурсқа шығарылды. Нәтижесінде қосымша 13 шаруа қожалығы құрылып, 40 шаруа қожалығының жерге деген қажеттілігі өтелді. Қосымша 28 жаңа жұмыс орыны ашылды.

Сонымен қатар Жер Кодексінің 36-бабына сәйкес жыл басынан елді мекен тұрғындарына мал жаюға және шөп шабу үшін  5 жылға өтеусіз жер пайдалану құқығымен 64-жеке тұлғаға     213 гектар шабындық, 8487 гектар жайылымдық, жиыны 8700 гектар жер телімдері беріліп, қосымша 64 жеке тұлға жұмыспен қамтылды.

Жер пайдаланудағы аса маңызды бағыттың бірі жерді тиімсіз және өз мақсатында пайдаланбауды анықтап, экономикалық айналымға қосу болып табылады. Осы мақсатта төмендегідей жұмыстар атқарылуда:

1.«Қолдау» бағдарламасының ақпаратына сай 33 жер иеленуші 26 000 гектар жер телімдерін мақсатына сай пайдаланбай отырғандығы анықталған. Аталған жер иеленушілерін ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп зерттеу акті  толтырылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғастырылады.

  1. Бұдан бөлек ауылдық округі әкімдері мен олардың қоғамдық кеңестері және ауыл тұрғындарының ұсынысы негізінде жер телімін мақсатына сай пайдаланбай отырған жер иеленушілеріне тексеру жұмыстарын жүргізу үшін ұсыныс берілген. Нәтижесінде 7 ауылдық округтегі 22 жер иеленуші 9004 гектар жер телімдерін пайдаланбайтындығы анықталды. Аталған жер иеленушілеріне акті толтырылып, құзырлы органның қарауына жолданды.
  2. Одан басқа мақсатына сай пайдаланбай отырған «Өсім-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Көкжыра» өндірістік кооперативтеріне берілген 72,6 мың га жайылымдық, 2,9 мың га егістікті құрайтын жалпы көлемі 75,4 мың гектар жер телімдерін мәжбүрлеп алып қою үшін ісі сотқа жолданды.

Шағын бизнес саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың саны 2073-ке жеткізіліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 103 %  болды.

Бұл салада «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» негізінде «Даму» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы 185,8 млн. теңгеге 36 жоба, «Атамекен-Өскемен» микро қаржы ұйымы арқылы 64,7 млн теңгеге 14 жоба, жиыны 250,5 млн теңгеге 50 жоба қаржыландырылды.  Нәтижесінде 103,6 млн теңгеге малдар алынса, 67,6 млн теңгеге ауылшаруашылығы техникалары және 79,3 млн теңгеге кәсіпкерлік саласы бойынша тауар айналымына алды.     

    Аудан орталығында жергілікті жерде өндірілетін тауар өңдірушілердің жәрмеңкесі әр аптаның сенбі күндері тұрақты түрде өткізілуде.  

Атап айтсақ үстіміздегі жылдың 10-айында 32 мәрте ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, 123,4 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері төмен бағамен саудаланды.

    Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9-айда 499,3 млн. теңгені құрады. Былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны 98,3%, нақты көлем индексі-63,5% болды.

    Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3 млрд. 802,2 млн. теңгені, өсу қарқыны 70%, нақты көлем индексі - 68% құрады.

    Берілген жоспар тапсырманы (9,0 млрд теңге) орындау мақсатында ауданға барлық қаржылық көздерден тартылған инвестицияларды түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

    Құрылыс жұмыстарының көлемі 2 млрд. 971,2 млн. теңге, өсу қарқыны 70,1%, нақты көлем индексі - 67,4 % орындалды.

    Жыл қорытындысында берілген жоспар тапсырма (3,5 млрд теңге) толық орындалатын болады.  

    Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша ауданда 49 үй салынып, 4852 шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны-76,3 %.

    Жыл қорытындысында берілген жоспар тапсырма (6390 шаршы метр) толық орындалады.

       Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 4 млрд. 889,4 млн. теңгені  құрады, өсу қарқыны 123 %, нақты көлем индексі – 114,1 %.

       Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105 пайызға артып, 2073 бірлікке жеткізілді.

       Жергілікті бюджетке түскен меншікті кірістер көлемі 9 айда 651,4 млн теңгеге орындалып, өсу қарқыны 133,6% болды.

 

Білім саласы

                                    

    Биылғы жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасымен Ақсуат ауылындағы К.Нұрбаев атындағы Ақсуат орта мектебі ғимаратын күрделі жөндеуге 300,0 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстары атқарылуда.    Облыстық бюджеттен бөлінген 50,0 млн. теңгеге Сәтбаев ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің төбесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Тоғас батыр және Қожагелді батыр атындағы орта мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары қаражат шешілмеуі себепті тоқтап қалған болатын. Бүгінгі күнге қаражат қазан айында толықтай бөлінді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталады.  

    Бюджет қаражаты есебінен 13  мектепке турникет орнату үшін  7,2 млн. теңге қаржы жұмсалынды.

    Білім беру саласының инфраструктурасын дамыту мақсатында Кәбеков және Би Боранбай атындағы орта мектеп ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжат әзірлеуге 7,2 млн. теңге қаражат бөлінген. Тиісті жұмыстар атқарылуда.

    Одан басқа «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша Ақсуат ауылынан 300 орындық мектеп құрылысына жобалық сметалық құжаттар әзірленуде.

 

Денсаулық сақтау

Ауданда 1 аудандық аурухана, 9 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 12 медициналық  пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді. Оларда барлығы 55 дәрігер, 175 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істейді.  2022 жылы 3 дәрігер жас маман келді. Оларға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит пен көтерме жәрдемақы төленді.

Одан басқа 1 хирург, 1 терапевт дәрігер аудандық тұрғын үй қоры есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілді.  

    Ағымдағы жылы 9 айда дүниеге 290 нәресте келсе, қайтыс болғандар саны 196 адам болып, табиғи өсім 94 адамды құрады.

    2022 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 76,1 млн. теңгеге Аудандық аурухана ғимаратының су құбырына, кәріз желілері мен сыртқы жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Одан басқа 2023 жылы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасына сәйкес 3 дәрігерлік емхана (Кіндікті, Екпін, Үштөбе) және 6 медпункт ғимараттарының (Мүрсәлім, Сұлутал, Көктүбек, Қызыл жұлдыз, Айнабастау, Ақжол) құрылысына ЖСҚ жасау басталды.

Ауданық аурухананың перзентхана бөліміне 2-ші деңгейге өтуге байланысты 170 млн.теңгеге медициналық аппараттар алынды және 1 акушер – гинеколог дәрігер Израиль мемлекетінен 1 ай тәжірибе алмасудан өтті. Қазіргі таңда ауруханамызда  5 акушер - гинеколог дәрігер, 2 неанотолог, 3 реаниматолог дәрігер, 4 акушерка жұмыс істейді.  Қазіргі уақытта ауруханадағы перезентхана бөлімін 2-ші деңгейге өткізуге толық мүмкіндік бар.

   

Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бойынша.

   

    2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасының  бірінші бағыты, қысқа мерзімді оқу курстарына облыстық бюджеттен 37 млн. 155 мың теңге қаражат бөлініп, 122 азамат 10 мамандық бойынша қосымша білім алды.

    Жобаның екінші бағыты бойынша бизнес идеяларды іске асыру үшін 22 азамат жалпы соммасы 26 млн.954 мың теңге қайтарымсыз грант алды.

 

    Жобаның үшінші бағыты:

    - Әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 9 млн 100 теңге қаражат бөлініп, 16 адам 15 шаруа қожалығына жұмыспен қамтылды.

    - Жастар іс-тәжірибесі арқылы 31 адам тәжірибеден өтті.

- Алғашқы жұмыс орнына 5 адам орналастырылды.

- Қоғамдық жұмыстарға 120 адам жолданды.

-Еңбек ресурстарының ұтқырлылығын арттыру бойынша халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден              3 отбасы (16 адам) қоныс аударды.

 

Мәдениет саласы

    Аудан тұрғындарына барлығы 21 мәдениет нысандары қызмет көрсетеді, оның ішінде: 5-мәдениет үйі, 5-ауылдық клуб, 11-кітапхана.

Оларда қызмет жасайтын мәдениет қызметкерлерінің саны -70 адам.   

    Балалар жылы  аясында жыл басынан бері 320 мәдени шара өткізілді.

    2022 жылы мәдениет нысандарының материалдық – техникалық базасын нығайту мақсатында  Қызыл кесік ауылының мәдениет үйіне 9,8 млн. теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақсуат аудандық мәдениет үйі ғимаратына 120,3  млн теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жасалынды.

     

Спорт саласы

    Аудан бойынша қызмет көрсетіп тұрған әр-түрлі спорт нысандарының саны 96.

    Бұл саланы дамыту мақсатында М.Имашев атындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратына 71,1 млн. теңгеге  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  

    Ақсуат ауылында 718,7 млн теңгеге дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта онда жүзу бассейіні, бокс залы, ойын залдары (футбол, волейбол), жаттығу залдары жұмыс істейтін болады.

   

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы.

 

    2022 жылдың 9 айында 4852 шаршы метрді құрайтын 49 тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді, оның ішінде: облыстық бюджет қаражаты есебінен 198,4 млн. теңгеге Ақсуат ауылынан 2 пәтерлі 8 үй салынды. Оның 3-уі жетім балаға, 2-уі тұрғын үйі апатты деп танылған отбасына, 9-ы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған осал топтарына, 2-і бюджеттік сала қызметкеріне тұрғын үй комиссиясының шешімі негізінде берілді.

    Бұдан басқа «Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға» арналған  2 пәтерлі 13 арендалық тұрғын үй салу жұмыстары басталды.

    2022 жылдын 9 айының қорытындысы бойынша 29 елді мекенің 26-ы немесе 89,6 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

    Скважина үстіндегі павильон орнатылған Көктүбек, Тана мырза, Серіктес ауылдарына тұрғын үйлердің қызыл сызығына дейін жеткізіп беруге ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Бүгінгі күні осы 3 жобаны 2023 жылы Республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарына енгізілді.

 

Автомобиль жолдарын дамыту мақсатында

2021 жылдан бері аудандық маңызы бар «Қарағанды-Аягөз-Боғас»-Үштөбе автокөлік жолына 154,0 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.

«Қарағанды-Аягөз-Боғас»-Кіндікті автокөлік жолының 0-12 шақырымына құны 342,6 млн. теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары на 140,0 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстары атқарылды. Қалған қаражат 2023 жылы бөлінеді деп күтілуде.

"Ақсуат-Шыбынды-Бәкей"-Училище автокөлік жолына құны 83,7 млн.  теңге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 166,7 млн. теңгеге Ақсуат ауылының айналма жолына 6,5 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Келесі жылға Тана мырза ауылына, Ырғызбай ата кесенесіне және Серіктес ауылына баратын жолдар орташа жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда.

 

               Ардақты ағайын!

    Биылғы жылы әр салада атқарылған жұмыстар баршылық. Алдағы уақытта да жоспарланған жұмыс көлемі аз емес.

    Мемлекет басшысы қиын күндер артта қалғандығын алға тартып, осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген барша қазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіріп, Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.

    Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара келісім біздің орнықты дамуымыздың берік негізі болмақ. Мемлекетіміздің әлеуметтік әлеуетін одан әрмен арттыруға бізде барлық мүмкіндіктер мен алғышарттар бар. Біз өзара үйлесімді байланыс, тиімді түсіністік арқылы алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізетін боламыз!

    Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

 

       

       

Дата публикации
14 февраля 2023
Дата обновления
14 февраля 2023
Тип

Сейчас читают

Төтенше жағдай қызметі хабарлайды
14 сентября 2026
Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі
Ақпарат
11 сентября 2026
2026 жылдың 6 айында Ақсуат ауданы әкімінің аппаратына барлығы 294 өтініш келіп түсті.
11 сентября 2026
Ақсуат ауданында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру саласында атқарылған жұмыстар

Социальные медиа

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы