Мемлекетшілдік ұстаным қажет
Қазіргі қоғамда еліміздің дамуын тежейтін келеңсіз үрдістердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Мұнымен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. 1998 жылы алғаш рет «Жемқорлықпен күрес туралы» ҚР заңы да қабылданған. Жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың тиімді жұмысының нәтижесінде бұл індетпен қарқынды күрес жүргізілуде.
Әрине, мемлекеттік қызмет болсын, құқық қорғау немесе басқа да салаларда өз ісіне адал, жауапты басшылар мен мамандар аз емес. Ішнара заңға қайшы әрекет етіп жататын лауазым иелері билік жүйесіне дақ келтіріп, қоғамның сеніміне селкеу салатын жағдайлар да бар екені баршамызға белгілі. Мемлекетіміздің әрбір азаматы ҚР Конституциясын және заңдарын сақтап, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, қадір-қасиетіне құрметпен қарауы тиіс деп есептейміз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауындағы өз сөзінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық даму басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Осы бағытта бірқатар маңызды міндеттер іске асырылды: Қазақстан ГРЕКО халықаралық ұйымының мүшесі болды, нормативтік-құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптау институтының жұмысы жаңартылды, бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін басшыларды қызметтен босату қағидаты заңнамалық түрде енгізілді. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағыттар бойынша жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі әрекетсіздік азаматтардың наразылық көңіл-күйі мен құқықтық нигилизмнің өсуіне әкелетіндігіне тоқталды.
Расымен де, елдің қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жүйелі әрі тиімді шараларын іске асыруға байланысты екені даусыз.
Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Біздің ауданымыздағы барлық мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлерінен ең алдымен тәртіп, жауапкершілік, адалдық қағидаттары талап етіледі. Жемқорлыққа қарсылық әрбір азаматтың санасында болуы керек. Қазір заман күн сайын өзгеруде. Цифрландыру елдегі мемлекеттік қызмет саласының барлығын қамту үстінде. Бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайта түспек.
Қазіргі қоғамда мейлі мемлекеттік қызметкер болсын, жеке кәсіпкер болсын, жәй ғана қарапайым жұмысшы болсын тазалықты алдымен өзінен бастауы керек. Әділетті Қазақстанды құру әрбіріміздің әділ іс-әрекетіміз бен ұстанымдарымыздан бастау алады. Біздің Отанымыз – Қазақстан. Сондықтан, елге, жерге деген мемлекетшілдік ұстанымда болсақ, Тәуелсіз Қазақ елі дами түсетіндігі кәміл. Еліміздің дамуына әр салада өз ісінің маманы бола отырып, атсалысайық дегім келеді.
Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы
Ескендіров Ерсін Кәдірбекұлы.