2026 жылдың 7 айындағы Ақсуат ауданының әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы туралы ақпарат
2026 жылдың 7 айындағы ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 2025 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда:
Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 432,1 млн теңгені құрап, өсу қарқыны 118,4 пайызға орындалды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8 млрд 667,9 млн теңгені құрады. Оның ішінде жекеменшік қаражат есебінен тартылған инвестиция көлемі 5 млрд 547,2 млн теңге.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2 млрд 836,4 млн теңгеге орындалып, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 120,3 пайызға орындалды.
Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 114,4 пайызға орындалып, 4863 шаршы метрді құрады. Ағымдағы жылы ауданға көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 6380 шаршы метрді құрайтын екі пәтерлі 51 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 5 млрд 967,7 млн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 114,3 пайызды құрады.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 1 851 бірлікті құрады. Оның ішінде; шағын және орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 112, дара кәсіпкерлер – 613, шаруа қожалықтары – 1 126 бірлік.
6 айда ауданға жергілікті бюджетке 1 млрд 204,6 млн теңге салық төленіп, жоспар 133 пайызға орындалды.
Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 20 млрд 014,6 млн теңгеге жетіп, өсу қарқыны 131,5 пайызға, нақты көлем индексі 104,7 пайызға орындалды.
Аудандағы ірі қара 157,6 мың басқа, қой мен ешкі – 302,79 мың басқа, жылқы – 36,8 мың басқа жетіп, тиісінше ірі қара – 109,9 пайызға, қой-ешкі – 114,9 пайызға, жылқы – 113,8 пайызға көбейді.
Ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту мақсатында лизинг бағдарламасы арқылы 2026 жылы 80 бірлік трактор сатып алу жоспарлануда. Есепті мерзім ішінде 420 млн. теңгеге 30 бірлік трактор және 14,1 млн теңгеге 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы жабдықтары сатып алынды.
Қазіргі таңда мал басын өсіріп қана қоймай, нарықтың сұранысына сәйкес, асылдандыру жұмысына да ерекше ден қойып отырмыз. Мысалы ауданда 2025 жылы асыл тұқымды шаруашылықтар саны 85 болса, 2026 жылы 101- бірлікке жетіп, 118,8 пайызға өсім көрсетті. Оның 84-ні ірі қара, 12-сі қой, 5-уі жылқы өсірумен айналысуда.
Аудандағы жалпы асыл тұқымды мал саны ірі қара – 40 560 бас, қой – 143 600 басқа, жылқы – 2 040 басқа жеткізіліп, ол ірі қараның – 19 пайызын, қойдың – 57 пайызын, жылқының – 6,1 пайызын құрады.
2026 жылы 8706 гектар суармалы егістік жер телімі игерілуде.
Ауданымызда мақсатты пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. 2026 жылғы жоспар-тапсырмаға сәйкес мемлекеттің арнайы жер қорына қайтарылған жер көлемі 30 380,2 гектар немесе жоспар тапсырма 233 пайызға орындалды.
Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақты ұстау мақсатында 5 рет ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп 14,8 млн теңгенің өнімдері саудаланды.