Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және қызметтік әдепті сақтау жөніндегі шаралары туралы есебі

ЕСЕП
Абай облысының
сәулет, қала құрылысы және
жер қатынастары басқармасының
сыбайлас жемқорлық құқық
бұзушылықтарының алдын алу
және қызметтік әдепті сақтау
жөніндегі шаралары туралы

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің жұмыс жоспарына сәйкес, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 2025 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу және қызметтік әдеп нормаларын сақтау бойынша жүргізілген жұмыс туралы қорытынды есепті ұсынды.

Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасына сәйкес, Абай облысының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы (бұдан әрі — Басқарма) тұрақты негізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар өткізуде.

Басқарма қызметінің ерекшелігін ескере отырып, негізгі назар мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістеріне, атап айтқанда қызмет алушылармен тікелей байланысты барынша азайту қағидатын енгізуге аударылды.
Бұл мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін электрондық форматқа көшіруге және негізсіз талаптар қою мен артық құжаттарды ұсыну мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік берді.

2025 жылы Басқарма «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы 349 мемлекеттік қызмет көрсетті, бұл рәсімдердің толық ашықтығын қамтамасыз етіп, әрбір өтініштің қаралу сапасын бақылауға мүмкіндік берді.

Басқарма келесі мемлекеттік қызметтерді көрсетеді:

  • жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту;
  • жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру;
  • мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу (конкурстарды, аукциондарды өткізуді талап етпейтін);
  • іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру;
  • бүлінген жерлерді рекультивациялау жобаларын келісу және беру;
  • жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту;
  • ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру бойынша түпкілікті шешім беру.

Жүргізілген талдау бұл салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоқ екенін көрсетті, бұл келесі факторлармен түсіндіріледі:

  1. Цифрландыру — қызметтердің басым бөлігі «Е-лицензиялау», «Электрондық үкімет» порталдары және Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры арқылы электрондық форматқа көшірілді;
  2. Қауіпсіздік — барлық рәсімдер мен шешімдер қызметкерлердің дербес электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) куәландырылады, бұл олардың жеке жауапкершілігін және әр кезеңнің ашықтығын қамтамасыз етеді;
  3. Байланысты болдырмау — электрондық формат лауазымды тұлғалар мен өтініш берушілер арасындағы тікелей байланысты толық жояды, бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа негізгі тосқауыл болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында Басқарма ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізді. 2025 жылы мемлекеттік меншікке 179,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды, сондай-ақ жалпы ауданы 319,3 мың гектар болатын пайдаланылмай жатқан 247 учаске анықталып, олардың материалдары Абай облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жер — ел дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс негізгі ресурс екенін атап өтті.
Президент 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерлерін тұрақты айналымға енгізу міндетін қойды.

Осы тапсырманы орындау мақсатында Абай облысы бойынша 2022–2025 жылдары мемлекет меншігіне қайтарылған 481,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспары бекітілді.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайта бөлу екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады:

  1. шаруашылық субъектілеріне және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жер беру үшін конкурстар өткізу;
  2. ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жерлерді басым тәртіппен ұсыну.

Сонымен қатар жайылымдық жерлерді беру конкурстары Қазақстан Республикасының Жер кодексі мен «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес әзірленіп, бекітілген жайылымдарды басқару жоспарлары негізінде ғана жүргізіледі.

Осыған байланысты және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында облыстық бюджеттен жайылымдарды басқару жоспарларын әзірлеуге 198,9 млн теңге бөлінді. Бұл жерлерді бөлу процесін нақты нормативтерге негіздеуге мүмкіндік береді.

Алдын алу жұмыстарының маңызды бағыты Алакөл көлінің курорттық аймағында тәртіп орнату болды. Барлығы 740 жер учаскесі тексерілді, оның ішінде:

  • 479 учаске игерілген (капиталдық құрылыстар бар);
  • 195 учаске игерілмеген;
  • 66 учаске құрылыс сатысында.

195 игерілмеген учаске бойынша тексеру актілері жасалып, материалдар Абай облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілді.

Департамент мәліметіне сәйкес 81 тексеру тағайындалып:

  • 3 тексеру меншік иелерінің ауысуына байланысты жүргізілмеді;
  • 78 тексеру 86 жер учаскесі бойынша (жалпы ауданы 30 гектар) жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау және кадрлық қамтамасыз ету

2025 жылғы маусымда Басқармада әкімшілік қызмет пен мемлекеттік қызмет көрсету процестеріндегі жасырын тәуекелдерді анықтауға бағытталған ішкі талдау жүргізілді. Нәтижесінде ішкі регламенттік құжаттардың жеткіліксіздігімен байланысты тәуекел анықталып, оны жою мақсатында нормативтік база жаңартылды.

2025 жылғы 19 қыркүйектегі бұйрықпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт бекітіліп, ол құқықтық айқынсыздықты жойып, қызметкерлердің әрекет ету алгоритмдерін нақтылады.

Кадр саясаты сыбайлас жемқорлық факторларын азайтуға бағытталған. Штат саны 23 бірлік болған жағдайда (19 мемлекеттік қызметші және 4 штаттан тыс қызметкер) барлық тағайындаулар «Е-қызмет» жүйесі арқылы конкурстық негізде жүзеге асырылады.

Есепті кезеңде мүдделер қақтығысы, заң бұзушылықтар немесе теріс себептермен жұмыстан босату фактілері тіркелмеді.

Қаржылық ашықтыққа ерекше назар аударылады. 2025 жылға бөлінген қаражат көлемі 511 390 100 теңгені құрады:

  • 001 бағдарлама — 195 919 000 теңге;
  • 113 бағдарлама — 301 045 000 теңге;
  • 004 бағдарлама — 14 426 100 теңге.

2026 жылға бөлінген қаражат — 1 499 368 000 теңге:

  • 001 бағдарлама — 260 123 000 теңге;
  • 113 бағдарлама — 1 239 245 000 теңге.

Басқарма облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан (мемлекеттік меншік), бұл жалға алуға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.

Сондай-ақ ведомствоға қарасты «Облыстық сәулет бюросы» КММ қызметі талданды (штат саны — 25 бірлік). Бұл ұйым жалға алынған ғимаратта орналасқан:

  • 2025 жылы жалға алу үшін — 12 млн теңге;
  • 2026 жылы — 22,68 млн теңге қарастырылған.

Ұйымды ұстауға:

  • 2025 жылы — 81 556 000 теңге;
  • 2026 жылы — 160 162 000 теңге бөлінген.

Жалпы алғанда, Басқармада тұрақты түрде (тоқсан сайын) қызметкерлерге оқыту жүргізіледі: сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Әдеп кодексі нормаларын түсіндіру бойынша ішкі сабақтар ұйымдастырылады. Бұл құқықтық сауаттылық деңгейін арттырып, қызметтік міндеттерді орындау кезінде құқық бұзушылық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді.

 

Дата публикации
08 мая 2026