
Ел экономикасының негізгі буыны ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы деп санауымызға болады. Осы бағытта облысымыздың өркендеуінде Көкпекті ауданының өзіндік үлесі бар.
Ауданда жалпы ауыл шаруашылығы мақсатында 807,9 мың га жер аумағы, оның ішінде егістік жерлер 126,6 мың га, жайылымдар 598,6 мың га және шабындықтар 59,3 мың га бар. Облыс бойынша барлық егістік алқабының (750,0 мың га.) көлемінде Бородулиха, Үржар аудандарынан кейін облыс бойынша 3 орын немесе 12,0% құрайды.
Қазіргі таңда аумақта 798 ауыл шаруашылық тауарын өндірушілері тіркелген, оның ішінде 36 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, 741 шаруа қожалықтары, 21 ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бар. Бағыттары бойынша өсімдік шаруашылығымен - 104, аралас (өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы) - 82 ауыл шаруашылық тауарын өндірушілері айналысады.
Өңірде өсімдік шаруашылығы негізінен астық және бұршақ дақылдарын өндіру кеңінен тараған. Бұл жалпы өнімнің 35%-н құрайды.
Аймақтан дәнді және бұршақты дақылдары бойынша 54,2 мың га орылып, 81,3 мың тонна өнім бастырылды. Өнімділік бойынша Көкпекті ауданының агроқұрылымдары, атап айтқанда «Елім-ай Көкпекті» ЖШС (гектарына 18-20 центнер) және «Өрнек» ЖШС (гектарына 22 центнер), «Элита» ШҚ (гектарына 20 центнер), «Алекс» ШҚ (гектарына 20 центнер), ауданда жоғарғы көрсеткіштер көрсетіп, облыс көлеміндегі орташа өнімділігіне оң әсерін тигізді.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 6 мың тонна минералды тыңайтқыштары сатып алып, енгізді.
Облысымыздың құрылған кезеңінен бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 3,5 млрд теңге сомасына 191 бірлік өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары (әртүрлі модификациядағы 74 трактор, 15 астық жинайтын комбайндар, 102 егіс кешендері мен тіркеме құралдары) сатып алынды
Ауданның ауыл шаруашылығының басым бағдары мал шаруашылығы болып табылады. Мал шаруашылығының айрықша ерекшелігі – көп салалылығы, әсіресе сүтті және етті мал шаруашылығы болып табылады.
Бүгінде Көкпекті ауданында 63,0 мың бас ірі қара мал, 57,1 мың бас қой-ешкі малы және 18,9 мың бас жылқы малы, құс 35,5 мың бар. Ағымдағы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы бойынша ауданда жалпы өндірген өнім көлемі 4 мың тонна ет және 24 мың тонна сүт, жұмыртқа 5,3 млн дана өндірілді.
Сонымен қатар, 179 мал шаруашылығы бағытындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары және де 24 асыл тұқымды шаруашылықтары, оның ішінде біреуі сүтті бағытта («Өрнек» ЖШС) және қалған 23-і ет бағытындағы, сондай-ақ, 1 омарта шаруашылығы бар.
Ағымдағы жылы аудандағы «Өрнек» ЖШС сүтті-тауарлы фермасы 2 642 тонна көлемінде сүт өндірді. Және «Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау бойынша макронесиелендіру» бағдарламасы аясында 1,0 млрд. көлемінде мал, техника және жабдықтар сатып алды. Қаражат шеңберінде серіктестік Германия елінен 349 бас симментал тұқымды ірі қара малы әкелініп, 7 бірлік техника және 5 тіркеме агрегат, 8 атаулы жабдықтар сатып алынды.
Сондай-ақ, атап өткен «Өрнек» өнеркәсібі де 778,0 млн теңгеге 336 га егістік алқабында су үнемдейтін технологиялы суару жүйесін енгізу жоспарлануда.
Республика көлемінде австралиялық озық тәжірибені қолдана отырып, жүзеге асырылатын 5 жобалардың қатарында «Елім-ай Көкпекті» агрохолдингі де бар. Қазіргі таңда 3 000 бас ангус асыл тұқымды малға және 3 000 бас қазақтың ақбас тұқымына, 1 500 мұғалжар тұқымына арналған репродукторымен қоса, бір мезетте 5 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы орналасқан. Агрохолдинг жоғары интеграцияланған мал шаруашылығы кластерін құру мақсатында қуаттылығы 5 мыңнан 20 мың басқа дейін арттыра отырып, бордақылау алаңын кеңейту және жаңғырту, 10 мың аналық мал басына арналған асыл тұқымды ірі қара мал репродукторын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, жем-шөп базасын кеңейту мақсатында «Елім-ай Көкпекті» ЖШС 1,5 млрд теңге сомасына 1 578 га егістік алқапты суару жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнде Түркия елінен 13 жаңбырлатып суару машиналары әкелінді. Бұл өз кезегінде агрохолдингтің еліміздің ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілетті екенін көрсете отырып, әлемдік нарыққа шығуына көмегін береді.
Ауыл шаруашылығын саласын өркендетуге бағытталған бұл жобалардың іске асырылу нәтижесінде ауданның ғана емес, облысымыздың мал шаруашылығының айрықша дамуына және жалпы агроөнеркәсіптік кешеніне де өз септігін қосады.