"Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 132-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: 1. Қоса беріліп отырған Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары бекітілсін. 2. Мыналардың: 1) "Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы № 443 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33792 болып тіркелген); 2) "Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 20 желтоқсандағы № 443 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 4 қарашадағы № 371 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35333 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын. 3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін. 5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. "КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі "КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі "КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы "КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 132-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг тәртібін айқындайды. 2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 1) ауылдық елді мекендерде микрокредит беру мен лизингтің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – микрокредит/лизинг алуға электрондық өтінім беруге, сондай-ақ ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда жобаларға микрокредит беру және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар лизингі кезінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) қызметін автоматтандыруға арналған цифрлық платформа; 2) ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу – ауыл шаруашылығы шикізатын азық-түлік және азық-түлік емес өнімдер алу мақсатында өңдеумен, қайта өңдеумен және сақтаумен байланысты қызмет; 3) ауыл шаруашылығы техникасы – жекелеген операцияларды немесе процестерді механикаландыру, электрлендіру және автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға арналған техникалық құралдардың кең ауқымы; 4) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, ата, әже, немерелер; 5) жұмыссыз – жұмыс іздеуді жүзеге асыратын және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға; 6) лизинг – лизинг алушының жабдықты, көлікті немесе жылжымайтын мүлікті қаржылық лизинг шарты бойынша кейіннен сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға алуы нысанындағы қаржыландыру түрі; 7) өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган – өңірлік даму саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган; 8) сенім білдірілген өкіл (агент) – тапсырма шартының негізінде кредитордың (сенімгердің) немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісінің атынан және есебінен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттік кредиттеуге байланысты белгілі бір тапсырмаларды жасайтын адам. Сенім білдірілген өкілді (агентті) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы орган айқындайды; 9) скрининг – ауылдық елді мекендер бойынша ақпарат жинау әдісі, оның қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық өсу мүмкіндіктері айқындалады; 10) тауарлық масса – микрокредит алушылар өндіретін тауарлардың бір түрінің бір елді мекен және/немесе бір ауылдық округ шегінде шоғырланған жалпы көлемі, ол жергілікті қайта өңдеу қуаттарының қажеттілігін жабуға немесе өткізу нарығына тиімді жеткізу үшін қажетті көлемді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді; 11) үміткер – жеңілдетілген талаптармен микрокредит алу үшін белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлға;2-тарау. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг тәртібі1-параграф. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизингтің басым бағыттарын айқындау 3. Ауыл шаруашылығының жобалары емес жобаларды қоспағанда, ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизингтің басым бағыттары скрининг негізінде жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы, тұтыну кооперативтеріне (бұдан әрі – Кооператив) және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басым қолдау көрсетіледі. Скрининг бойынша ақпарат әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде шаруашылық бойынша есепке алудың, мүдделі жергілікті атқарушы органдардың деректері негізінде қалыптастырылады. Ауылдық округтің әкімдігі скрининг негізінде әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде микрокредит берудің және лизингтің басым бағыттарын айқындай отырып, талдамалық ақпарат дайындайды және ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің қолтаңбасымен есепті қаржы жылынан кейінгі жылғы 15 қаңтарға дейінгі мерзімде аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігіне ұсынады. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары алынған ақпаратты зерделейді және талдайды, ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті уәкілетті органмен келіседі, жалпыланған талдамалық ақпаратты дайындайды және оны аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің қолтаңбасымен есепті қаржы жылынан кейінгі жылғы 30 қаңтарға дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ұсынады. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган скрининг нәтижелері бойынша айқындалған басым бағыттарға елді мекендердің сәйкестігіне қорытынды талдамалық ақпаратты зерделейді. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган ауылдық округтер бөлінісінде алдағы кезеңге арналған микрокредит беру және лизинг түрлері бойынша деректерді қамтитын ақпаратты есепті қаржы жылынан кейінгі жылғы 15 ақпанға дейінгі мерзімде жергілікті атқарушы органның интернет-ресурстарында және ақпараттық жүйеде орналастыру үшін ауданның жергілікті атқарушы органдарына және сенім білдірілген агентке жібереді.2-параграф. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизингті қаржыландыру 4. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беруді қаржыландыру мынадай: 1) микрокредит беру; 2) техника мен жабдықтар лизингі түрінде жүзеге асырылады. 5. Микрокредит/лизинг алу үшін үміткерлер тиісті жолдарды толтыру және электрондық құжаттарды жүктеу арқылы ақпараттық жүйенің жеке кабинеті арқылы электрондық өтінім берумен ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде осы Қағидаларға 1, 2 және 3-қосымшаларға сәйкес микрокредит/лизинг алу үшін құжаттар тізбесімен сенім білдірілген өкілге (агентке) жүгінеді. Жүктелген құжаттарда көрсетілген мәліметтер (деректер) ақпараттық жүйенің "Заңды тұлғалар" немесе "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорларымен, жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесімен, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру дерекқорымен, "е-Agriculture" агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі" ақпараттық жүйесінің "ауыл шаруашылығы техникасын мемлекеттік тіркеу" кіші жүйесімен өзара іс-қимылы нәтижесінде расталады. Микрокредит /лизинг алуға арналған электрондық өтінім ақпараттық жүйеде оған үміткердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қоюы арқылы тіркеледі және ақпараттық жүйеде сенім білдірілген өкілге (агентке) қарау үшін қолжетімді болады. Кепіл бойынша қамтамасыз ету осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың тізбесі бойынша айқындалады. 6. Сенім білдірілген өкілдің (агенттің) микрокредит/лизинг алуға үміткер ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерін тексеру мерзімі құжаттарды тіркеген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнін құрайды. Құжаттар мен оларда қамтылған мәліметтер микрокредит/лизинг шарттарына сәйкес келмеген жағдайда, сенім білдірілген өкіл (агент) құжаттарды қараудан бас тартудың нақты себептерін көрсете отырып, үміткерге уәжді бас тартуды жібереді. Құжаттарды қараудан уәжді бас тарту ақпараттық жүйе арқылы үміткердің жеке кабинетіне электрондық құжат нысанында жіберіледі. 7. Құжаттар мен оларда қамтылған мәліметтер микрокредит беру шарттарына сәйкес келген жағдайда, сенім білдірілген өкіл (агент) үміткердің құжаттары тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсынылған жобаға бағалау жүргізеді және микрокредит беруді мақұлдау не бас тарту туралы шешім қабылдайды. Құжаттар мен оларда қамтылған мәліметтер лизинг шарттарына сәйкес келген жағдайда, сенім білдірілген өкіл (агент) үміткердің құжаттары тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде лизинг беруді мақұлдау не лизинг беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Микрокредит/лизинг беруді мақұлдау туралы не одан бас тарту туралы шешім ақпараттық жүйе арқылы жіберіледі. Микрокредит беру мақұлданған жағдайда, сенім білдірілген өкіл (агент) кепіл шарты уәкілетті органда тіркелгеннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде үміткердің ағымдағы шотына микрокредит сомасын аударады. Лизинг беру мақұлданған жағдайда, сенім білдірілген өкіл (агент) 5 (бес) жұмыс күні ішінде лизинг шартының талаптарымен ауыл шаруашылығы техникасын және жабдығын үміткерге (лизинг алушыға) беру үшін сатушыдан жеке меншікке сатып алады. 8. Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру шеңберінде микрокредит алуға үміткерлер: 1) Қазақстан Республикасының азаматтары; 2) жұмыссыздар; 3) дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) жұмыс істемей тұрған дара кәсіпкерлер; 4) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын адамдар; 5) жеке қосалқы шаруашылықта сату (айырбастау) үшін өнім өндіру бойынша қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар; 6) қызметін "Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы" және "Өндірістік кооператив туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жүзеге асыратын кооперативтер, сондай-ақ кооператив мүшелері; 7) дара кәсіпкерлер болып табылады. Осы Қағидалар шеңберінде лизинг алуға үміткерлер кооперативтер, сондай-ақ кооператив мүшелері болып табылады. Қаржыландыру мақұлданған жағдайда дара кәсіпкер мәртебесі жоқ үміткерлер дара кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс. Осы Қағидалар шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыру үшін микрокредиттер алуға үміткерлер дара кәсіпкерлер мен Кооперативтер болып табылады. Жеке тұлғалар үшін жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде 12 (он екі) ай (микрокредит алуға өтінім беру күніне) тұрақты тіркеудің болуы талап етіледі. Жұмыс істеп тұрған дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін жобаны іске асыру жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде дара кәсіпкер/заңды тұлға орналасқан жерде дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы мемлекеттік тіркеудің немесе хабарламаның болуы талап етіледі. Кооперативтер басым бағыттарды қоса алғанда, жарғыда көрсетілген қызметтің бір немесе бірнеше түрін жүзеге асырады және аумақтық және логистикалық жақындық, тауар массасының болуы және кооператив мүшелері арасындағы тиімді өзара іс-қимыл үшін талаптардың қамтамасыз етілуі жағдайында бір ауылдық елді мекеннің аумағында немесе бірнеше шектес ауылдық округтердің шегінде қалыптастырылады. Ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу жөніндегі жобаларға қаржыландыру жоспарына сәйкес әрбір облыс үшін көзделген қаржыландырудың жалпы сомасынан 40 (қырық) пайыздан аспайтын мөлшерде және қайта өңдеу саласында 20 (жиырма) пайыздан кем емес мөлшерде микрокредит беруге жол беріледі. Ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға қаражат мал басына және өңірдің климаттық жағдайларына сәйкес келетін жеткілікті жайылымдық алқаптардың болуын, су ресурстарымен қамтамасыз етілуін, ветеринариялық, зоотехникалық көрсетілетін қызметтердің және жемшөп базасының қолжетімділігін ескере отырып жіберіледі. Жергілікті атқарушы органдар бірлесіп қаржыландыру шарттарында осы Қағидалар шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының лизингін қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың кемінде 1/3 (үштен бір бөлігі) жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөледі. 9. Микрокредиттер осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген үміткерлерге мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу, нысаналы пайдалану қағидаттарын сақтай отырып мынадай талаптармен беріледі: 1) микрокредит мерзімі – ауыл шаруашылығы түрлері емес бизнес үшін 5 (бес) жылға дейін, ауыл шаруашылығы және өнімді қайта өңдеу саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін; 2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – 2 500 (екі мың бес жүз) айлық есептік көрсеткішке дейін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жөніндегі жобалар үшін – 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін. Бұрын алынған микрокредит бойынша міндеттемелерді толық орындаған үміткерлерді қайта кредиттеу кезінде микрокредиттің ең жоғары сомасының мөлшері 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды, бірақ екі реттен аспайды. Бұл ретте микрокредиттер бағдарлама үміткерлерінің қайтарылған қаражаты есебінен, бірақ микрокредиттің ең ұзақ мерзімінің 1/2 (екіден бір бөлігі) бөлігінен кешіктірілмей беріледі; Кооперативтерді дамыту үшін – 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін. 3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі бүтін оннан бес) пайыздан аспайды; 4) кепілдік қамтамасыз етудің болуы; 5) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 12 (он екі) айынан аспайды; 6) микрокредит беруге өтінімдер ауылдық округтердің басым бағыттарына сәйкес талдамалық ақпарат негізінде қаралады. 10. Ауыл халқының микрокредит алуы үшін жобаларды іріктеудің негізгі өлшемшарттары: 1) жобаның скринингке сәйкес басым бағыттарға сәйкестігі; 2) жұмыс орындарын құру; 3) жаңа, бұрын пайдаланылмаған техниканы, жабдықты сатып алу болып табылады. 11. Микрокредиттер мынадай мақсаттарға берілмейді: 1) жеңіл автокөлік сатып алу; 2) ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алу; 3) туристік-рекреациялық аймақтарда орналасқан және туристер мен демалушылардың уақытша тұруына арналған объектілерді қоспағанда, кейіннен жалға беру мақсатында тұрғын үй мақсатындағы ғимараттарды, үй-жайларды, объектілерді сатып алу және/немесе салу; 4) көтерме және бөлшек саудаға. 12. Лизинг осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген үміткерлерге мынадай шарттармен беріледі: 1) техника мен жабдықтардың лизингі мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін; 2) лизинг нысанасының (техника мен жабдықтың) ең жоғары құны – 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткішке дейін; 3) сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі бүтін оннан бес) пайыздан аспайды; 4) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең – техника мен жабдықтың лизингінің мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бір) бөлігінен аспайды. Жаңа, бұрын пайдаланылмаған техника мен жабдық лизингке жатады. 13. Жеңіл автокөлік сатып алуға лизинг берілмейді. 14. Қайтарылатын қаражатты қоспағанда, қаржыландыру болмаған жағдайда, сенім білдірілген агент үміткерлерден өтінімдерді қабылдауды және қарауды тоқтата тұрады. 15. Үміткер микрокредит және/немесе лизинг алған кезде шарттың қолданылу мерзімі ішінде дара кәсіпкер мәртебесін сақтау міндеттемелерін өзіне қабылдайды.3-тарау. Микрокредитті, лизингті қаржыландыру және бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын мониторингтеу 16. Бюджеттік кредит мынадай шарттармен беріледі: 1) жылдық сыйақы мөлшерлемесі 1 (бір) пайызбен қайтарымдылық, қамтамасыздылық, жеделділік және ақылылық қағидаттарымен 10 (он) жылға; 2) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты: ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жобаларды іске асыру үшін үміткерлерге микрокредит беру; ауыл шаруашылығы техникасын және жабдығын сатып алу үшін лизинг; 3) жергілікті атқарушы органдар бірлесіп қаржыландыру шарттарында осы Қағидалар шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингтеу жобаларын қаржыландыруға республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың кемінде 1/3 (үштен бір) бөлігіне жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөледі; 4) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 28 (жиырма сегіз) ай мерзімінен аспайды; 5) бюджеттік кредитті игеру кезеңі 12 (он екі) айды құрайды және жергілікті атқарушы органға бюджеттік кредит аударылған сәттен бастап есептеледі. Осы ережелерді іске асыру мақсатында бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тиісті бюджет бекітілгеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға кейіннен бекіту үшін бюджеттік кредиттеудің негізгі талаптарын жолдайды. 17. Жергілікті атқарушы орган Қазақстан Республикасының бюджет және азаматтық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырма шарты бойынша бюджеттік кредит қаражатын береді. Бюджеттік кредит қаражаты сенім білдірілген өкілге (агентке) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған қаржылық және (немесе) қаржылық емес оператордың қолма қол алатын шотына аударылады. Сенім білдірілген өкіл (агент) үміткерлердің микрокредит бойынша шарттың міндеттемелерін бұзуы себебінен алынатын комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, үміткерлердің микрокредитіне байланысты комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді алмайды, бұл ретте мұндай комиссиялардың, алымдардың және/немесе өзге де төлемдердің мөлшері жергілікті атқарушы органмен алдын ала жазбаша келісіледі. Сенім білдірілген өкілге (агентке) тапсырма шартын орындағаны үшін сыйақы төлеуді жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады. Сенім білдірілген өкілдің (агенттің) тапсырмаларды орындағаны үшін сыйақы төлеу мөлшерін жерілікті атқарушы орган анықтайды және тапсырма шартында белгіленеді. 18. Сенім білдірілген өкіл (агент) бұрын берілген микрокредиттер/лизингтер бойынша үміткерлер қайтарған қаражат есебінен осы Қағидалардың 9 және 12-тармақтарына сәйкес талаптармен сенім білдірілген өкіл (агент) мен жергілікті атқарушы орган арасында жасалған тапсырма шартының қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге үміткерлерге қайта микрокредит беруді және коопертивтерге лизинг беруді жүзеге асырады. 19. Жергілікті атқарушы орган сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы ақпараттық жүйені пайдалана отырып, микрокредит қаражатының және лизинг нысанасының мақсатты пайдаланылуын мониторингтеуді жүзеге асырады. 20. Сенім білдірілген өкіл (агент) ай сайын, есептік айдан кейінгі айдың 5-іне дейінгі мерзімде жергілікті атқарушы органға осы Қағидаларға 5, 6, 7 және 8-қосымшаларға сәйкес есептерді ұсынады. Жергілікті атқарушы орган ай сайын, есептік айдан кейінгі айдың 10-ына дейінгі мерзімде өңірлік даму саласындағы уәкілетті органға осы Қағидаларға 5, 6, 7 және 8-қосымшаларға сәйкес есептерді ұсынады. Микрокредит алуға арналған құжаттар тізбесі Жүктеу Лизинг алуға арналған құжаттар тізбесі Жүктеу Кооперативтердің микрокредит алуына арналған құжаттар тізбесі