Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары

 Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары

       Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 29.11.2023 № 409 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен (бұдан әрі – АӨК) субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау тәртібін айқындайды.
  2. Инвестициялық салымдар кезінде АӨК субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялаудың негізгі мақсаты капиталды көп қажет етуді төмендету және салынған инвестициялардың өзін-өзі ақтауын арттыру жолымен АӨК-нің басым бағыттарында (секторларында) инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру болып табылады.

      Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен айқындамалар пайдаланылады:

      1) АӨК-дегі инвестициялық жоба (бұдан әрі – инвестициялық жоба) – жобалардың паспорттарына сәйкес жаңа қуаттарды құруға, өндірістік қуаттарды реконструкциялауға, кеңейтуге, техника, машиналар мен жабдықтар сатып алуға инвестициялық салымдарды көздейтін іс-шаралар кешені;

       2) АӨК инвесторы (бұдан әрі – инвестор (көрсетілетін қызметті алушы) – инвестициялық салымдарды жүзеге асыратын және негізгі немесе қайталама қызмет түрі осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген инвестициялық салымдарды жүзеге асыратын және ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен және (немесе) өңдеумен айналысатын кәсіпкерлік субъектісі үшін негізгі немесе қайталама қызмет түрінің тізбесіне сәйкес Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (ЭҚЖЖ) бөлімдеріне жататын ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен және (немесе) өңдеумен айналысатын кәсіпкерлік субъектісі;

       3) арнайы шот – осы Қағидалардың 4-тарауының шарттарына сәйкес инвестициялық субсидиялардың сомалары аударылатын қаржы институтының екінші деңгейдегі банктегі шоты;

      4) ауыл шаруашылығы жабдығы (бұдан әрі – жабдық) – ауыл шаруашылығы жұмыстарын механикаландыруға, электрлендіруге және автоматтандыруға арналған, пайдаланылу ерекшелігіне байланысты технологиялық процестерді орындау уақытында тірек бетіне қатысты конструкцияның базалық және корпустық элементтерінің қозғалмауы тән ауыл шаруашылығы техникасы;

      5) ауыл шаруашылығы машинасы (бұдан әрі – машина) – технологиялық процестерді орындау кезінде тірек бетіне қатысты базалық және корпустық элементтердің қозғалғыштығы тән, ауыл шаруашылығы жұмыстарын (егіншілікте және мал шаруашылығында) механикаландыруға арналған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасы, тіркемелі және аспалы құралдар;

      6) ауыл шаруашылығы техникасы (бұдан әрі – техника) – жекелеген операцияларды немесе процестерді механикаландыру, электрлендіру және автоматтандыру жолымен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға арналған техникалық құралдардың кең түрі;

      7) бюджеттік бағдарламаның әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;

       8) жаңа өндірістік қуаттарды құру – өндірістік мақсаттағы ғимараттар, құрылыстар салу және оларды осы Қағидаларға 2-қосымшада көзделген жобалар паспорттарының тізбесіне сәйкес техникамен, машиналармен, жабдықтармен жарақтандыру;

      9) жеке шот – тізілімде қамтылған, субсидиялауға арналған өтінімдерді тіркеу және олар бойынша операцияларды есепке алу мақсатында тіркелген адамды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін жазбалар жиынтығы;

       10) жобаның паспорты – жаңа өндірістік қуаттарды салуға, реконструкциялауға және кеңейтуге, жаңа, бұрын пайдаланылмаған техникаларды, машиналарды, жабдықтарды және осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларда көрсетілген инвестициялық субсидиялауға жататын басқа да негізгі құралдарды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға инвестициялық салымдарды өтеудің тізбесі мен үлесі;

       11) жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды кеңейту – жұмыс істеп тұрған объектіде қосымша өндірістік қуаттарды салуды, жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жетіспейтін немесе қажетті жаңа, бұрын пайдаланылмаған жабдықпен, техникамен және машиналармен жарақтандыруды көздейтін іс-шаралар;

      12) инвестициялық салымдар – жаңа өндірістік қуаттарды салуға немесе жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды кеңейтуге бағытталған шығындар;

      13) инвестициялық субсидиялау – инвестициялық салымдар кезінде инвестор (көрсетілетін қызметті алушы) шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу;

      14) инвестициялық субсидиялау мәселелері жөніндегі жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы (көрсетілетін қызметті беруші) – инвесторлардың (көрсетілетін қызметті алушылардың) өтінімдерін қарастыруға және инвестициялық субсидияларды беруде төлеу/бас тарту туралы шешім қабылдауға өкілетті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ауыл шаруашылығы саласындағы жергілікті атқарушы органы;

      14-1) инвестициялық субсидиялау объектілері – инвестициялық субсидиялау осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес қаржы институтына арнайы шотқа аванстық төлеммен инвестициялық субсидияларды аудару тетігін қолдана отырып, жүзеге асырылатын кредитке/лизингке сатып алынған техника, машина, жабдық;

      15) инвестициялық субсидиялау шарты – жұмыс органы (көрсетілетін қызметті беруші) мен инвестор (көрсетілетін қызметті алушы) арасында жасалатын, инвестициялық субсидиялар қаражатын аударудың тәртібі мен шарттарын, мониторинг барысын, тараптардың жауапкершілігін және өзге де шарттарды көздейтін келісім;

      16) қаржы институттары – "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамдастығы (тартылған қаражат есебінен инвестициялық салымдар бойынша инвестициялық субсидиялау шеңберінде) (бұдан әрі – "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ), екінші деңгейдегі банктер, банктік операцияларды жүзеге асыру құқығына тиісті лицензиясы бар микроқаржы ұйымдары, кредиттік ұйымдар, лизингтік компаниялар, кредиттік серіктестіктер, Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес айқындалған сенім білдірілген өкілдер (агенттер);

      17) өндірістік кешен – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, өңдеуге, сақтауға, буып-түюге бағытталған өзара байланысты өндірістік қуаттылықтар (ғимараттар, құрылысжайлар, монтаждалатын жабдық, инженерлік желілер) жиынтығы;

      18) өндірістік қуаттылық – өндіріс объектісінің уақыт бірлігі ішінде (сағат, тәулік, ай, жыл) заттай мәнде ауыл шаруашылығы өнімін және/немесе тамақ өнімдерін барынша көп шығаруы;

       19) өтінім – осы Қағидаларға 4 және 5-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша инвесторлардың (көрсетілетін қызметті алушылардың) инвестициялық салымдар кезінде инвестициялық субсидиялар алуына арналған электрондық түрдегі өтінімі;

       20) реконструкциялау – осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес объектілерді салу, қайта орналастыру және (немесе) кеңейту және (немесе) олардың нысаналы мақсатын өзгерту;

      21) субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – СМАЖ) – субсидия алуға арналған өтінімді тіркеу, сондай-ақ өтінімді субсидиялау шарттарына сәйкестігін автоматты түрде тексеру арқылы оны өңдеу мүмкіндігін беретін, субсидиялау процестерін орындау бойынша қызметтер көрсетуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      22) субсидиялауға арналған өтінімдердің электрондық тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға арналған өтінімдер туралы, сондай-ақ қарыз алушылар, қаржы институттары туралы мәліметтер жиынтығы және СМАЖ-да көрсетілген өзге де мәліметтер;

      23) субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – Интернет желісінде орналастырылған, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беретін интернет-ресурс;

      24) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық символдар жинағы.

Дата публикации
01 октября 2025