Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары

 Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары

 1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 132-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ауылдық елді мекендерде микрокредит беру мен лизингтің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – микрокредит/лизинг алуға электрондық өтінім беруге, сондай-ақ ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда жобаларға микрокредит беру және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар лизингі кезінде сенім білдірілген өкілдің (агенттің) қызметін автоматтандыруға арналған цифрлық платформа;

      2) ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу – ауыл шаруашылығы шикізатын азық-түлік және азық-түлік емес өнімдер алу мақсатында өңдеумен, қайта өңдеумен және сақтаумен байланысты қызмет;

      3) ауыл шаруашылығы техникасы – жекелеген операцияларды немесе процестерді механикаландыру, электрлендіру және автоматтандыру арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыруға арналған техникалық құралдардың кең ауқымы;

      4) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, ата, әже, немерелер;

      5) жұмыссыз – жұмыс іздеуді жүзеге асыратын және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға;

      6) лизинг – лизинг алушының жабдықты, көлікті немесе жылжымайтын мүлікті қаржылық лизинг шарты бойынша кейіннен сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалға алуы нысанындағы қаржыландыру түрі;

      7) өңірлік даму саласындағы уәкілетті орган – өңірлік даму саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      8) сенім білдірілген өкіл (агент) – тапсырма шартының негізінде кредитордың (сенімгердің) немесе бюджеттік бағдарлама әкімшісінің атынан және есебінен және оның нұсқауларына сәйкес бюджеттік кредиттеуге байланысты белгілі бір тапсырмаларды жасайтын адам. Сенім білдірілген өкілді (агентті) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы орган айқындайды;

      9) скрининг – ауылдық елді мекендер бойынша ақпарат жинау әдісі, оның қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық өсу мүмкіндіктері айқындалады;

      10) тауарлық масса – микрокредит алушылар өндіретін тауарлардың бір түрінің бір елді мекен және/немесе бір ауылдық округ шегінде шоғырланған жалпы көлемі, ол жергілікті қайта өңдеу қуаттарының қажеттілігін жабуға немесе өткізу нарығына тиімді жеткізу үшін қажетті көлемді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;

      11) үміткер – жеңілдетілген талаптармен микрокредит алу үшін белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке немесе заңды тұлға;

Дата публикации
01 октября 2025