Содырлардың мақсаты билікті басып алу болды – Президент

Содырлардың мақсаты билікті басып алу болды – Президент

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезектен тыс отырысында елдегі ахуалға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«...Әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық, саяси талаптар кейінге ысырылды, олар тіпті ұмытылып кетті. Осыдан кейін өз сағатын күткен қарулы содырлар тобы әрекет ете бастады. Басты мақсаты да белгілі болды – конституциялық құрылымды бұзу, басқару институттарын құлату, билікті басып алу. Мұнда мемлекеттік төңкеріс туралы айтылып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы барлық қарулы оқиғалардың бір орталықтан ұйымдастырылғанын айтты.

«Мұқият жоспарланған операция шешуші фазасына енді. Мұны өңірлік биліктің, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандар мен банктерге, телемұнаралар мен арналарға жасалған синхронды, қайталап айтамын, синхронды шабуылдар айғақтайды. Әуежайлар басып алынды, автокөлік және темір жолдар жабылды, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі жасалды», - деді Президент.

Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.

Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.

 

Дата публикации
10 января 2022