
Еліміздің аумағында орын алған жаппай тәртіпсіздіктер барысында қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны нақтыланып жатыр. Бұл жайында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Күштік құрылымдардың 16 қызметкері қаза тауып, 1 300-ден астамы жарақат алды. Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар арасында да шығын бар. Нақты саны нақтыланып жатыр. Бүкіл ел бойынша 1 270 бизнес субъектісі зардап шекті. 100-ден астам сауда орталықтары мен банктер тоналды. Тек полицияның көліктерінің ғана шамамен 500-і қиратылды және өртелді. Ауқымды материалдық шығын келтірілді. Оның мөлшерін арнаулы Үкіметтік комиссия анықтайтын болады», - деді Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында.
Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.
Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.