БҚДА ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ КОРПОРАТИВТІК СЕКТОРҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ БАСТАМАЛАРЫН КЕҢЕЙТУДЕ

БҚДА ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ КОРПОРАТИВТІК СЕКТОРҒА АРНАЛҒАН БІЛІМ БЕРУ БАСТАМАЛАРЫН КЕҢЕЙТУДЕ

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Назарбаев Университетімен стратегиялық әріптестікті кеңейтуді жалғастыруда. Агенттік пен Университет арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум шеңберінде бірқатар негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда: білім беру бағдарламаларын дамыту, бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізу және монополияға қарсы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Ынтымақтастықтың осы кезеңіндегі басты басымдық — корпоративтік және квазимемлекеттік сектор өкілдеріне арналған білім беру бастамаларын дамыту. Бұл бастамалар тек менеджерлерді ғана емес, сондай-ақ құқықтық сүйемелдеу, реттеу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл салаларында жұмыс істейтін мамандарды да қамтиды.

Осыған байланысты Агенттік Аппаратының басшысы Алмас Серікұлы Исаков пен Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің деканы, профессор Юп Конингс арасында жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар монополияға қарсы реттеу, бәсекелестікті шектеудің алдын алу, сондай-ақ коммерциялық және инвестициялық қызмет шеңберінде реттеуші тәуекелдерді бағалау және басқару бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған корпоративтік білім беру бағдарламаларын іске қосу перспективаларын талқылады. Мұндай бағдарламалар компаниялардың адалдық, ашықтық және бәсекелестік қағидаттарын сақтау жағдайында тиімді шешімдер қабылдау қабілетін арттыруға бағытталады.

Сондай-ақ, бәсекелестік және нарықтық реттеу мәселелері бойынша арнайы оқу модульдерін Назарбаев Университетінің қолданыстағы магистратура және MBA бағдарламаларына енгізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл модульдер нақты мысалдар мен кейстерді, заманауи нарықтық талдау әдістерін және халықаралық реттеу стандарттарын қамтитын мазмұнмен жасақталады.

Білім беру бағытынан бөлек, тараптар ғылыми ынтымақтастықты да жалғастыруда. Бұған дейін БҚДА бастамасымен және Назарбаев Университеті зерттеу тобының қатысуымен компаниялардың нарықтық билігінің инфляцияға және басқа да макроэкономикалық көрсеткіштерге әсері бойынша ғылыми-практикалық семинар өткізілген болатын. Бұл зерттеу монополияға қарсы заңнаманы жаңарту үшін талдамалық негіз қалыптастыруды көздейді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті тереңдетуге дайын екендіктерін растады және білім беру мен зерттеу бастамаларын үйлестіру мақсатында бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге келді.