БҚДА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ БІРЛЕСКЕН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ДАМЫТУҒА УАҒДАЛАСТЫ

БҚДА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ БІРЛЕСКЕН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫН ДАМЫТУҒА УАҒДАЛАСТЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Академия ректоры Азамат Сағатұлы Жолманов пен Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Аппаратының басшысы Алмас Серікұлы Исаковтың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесу барысында бәсекелестікті дамыту және монополияға қарсы реттеу саласында мемлекеттік қызметшілерді даярлау мен қайта даярлауға бағытталған институционалдық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Тараптар қазіргі заманғы мемлекеттік басқару жүйесінде монополияға қарсы реттеудің негізгі қағидаттарын меңгеру және бәсекелестікті шектеуге әкелетін тәуекелдерді анықтай білу мемлекеттік қызметшілер үшін аса маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты, стратегиялық және реттеуші шешімдер қабылдайтын тұлғаларды қоса алғанда, басқарушы буын өкілдерін сапалы даярлау мен оқытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Кездесу қорытындысы бойынша қысқа мерзімді біліктілікті арттыру бағдарламаларын, сондай-ақ монополияға қарсы реттеудің қолданбалы аспектілеріне, мемлекеттік сатып алуларды талдауға, тарифтік реттеуге және бәсекелестікті адвокаттандыруға басымдық берілген кәсіби қайта даярлау курстарын іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қосымша ретінде Академияның қолданыстағы магистрлік бағдарламаларына бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу мәселелеріне арналған элективті курстарды енгізу жоспарлануда. Бұл болашақ мемлекеттік басқару кадрларының бейіндік құзыреттерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында Агенттік мамандарын оқытушылар мен тәлімгерлер ретінде тарту, сондай-ақ Академия магистранттарының БҚДА құрылымдық бөлімшелерінде тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, тараптар реттеу саласындағы мамандар мен академиялық орта өкілдері арасындағы тәжірибе алмасуға бағытталған бірлескен ғылыми-практикалық іс-шаралар — семинарлар, дөңгелек үстелдер және тренингтер өткізуге қызығушылық білдірді.

Кездесу соңында тараптар талқыланған бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға дайын екендіктерін растады.