ӘРТҮРЛІ ЕЛДЕРДІҢ АНТИМОНОПОЛИЯЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ НАРЫҚТА БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ ҮШІН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

ӘРТҮРЛІ ЕЛДЕРДІҢ АНТИМОНОПОЛИЯЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ НАРЫҚТА БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ДАМЫТУ ҮШІН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТУДЕ

Қазан қаласында Ресейдің Федералдық монополияға қарсы қызметінің Оқу-әдістемелік орталығы базасында «Фармацевтикалық нарықтардағы бәсекелестікті дамыту» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Оған 20-дан астам елдің монополияға қарсы органдары мен ғылыми қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасынан осы іс-шараға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Әлеуметтік сала департаментінің директоры Мира Тұяқбаева қатысты. Ол Қазақстандағы антимонополиялық реттеу тәжірибесі мен фармацевтика саласындағы бәсекелестікті дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

ЕАЭО, ТМД елдері, сондай-ақ Бразилия, Боливия, Египет, Үндістан, Индонезия, Иран, Қытай, Мьянма, Пәкістан, Түркия, Эфиопия және Оңтүстік Африка Республикасы өкілдері құқық қолдану тәжірибесін, баға белгілеу мәселелерін, мәжбүрлі лицензиялау және мемлекеттік сатып алуларды реттеу тетіктерін талқылады.

Іс-шара аясында БРИКС елдерінің фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестік мәселелерін зерттеу жөніндегі Жұмыс тобының және ТМД елдерінің монополияға қарсы заңнаманы бұзуды бірлесіп тергеу жөніндегі Штабының отырыстары өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша монополияға қарсы реттеуші органдар фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестікті одан әрі дамыту мақсатында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.