БҚДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР ЖӘНЕ ТАУАР БИРЖАЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ КЕҢЕЙТІЛДІ

БҚДА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУЛАР ЖӘНЕ ТАУАР БИРЖАЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ КЕҢЕЙТІЛДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) функциялары кеңейтілді.
23 наурыздан бастап Агенттік мемлекеттік сатып алулар саласында жаңа өкілеттіктерге ие болады.

БҚДА бір көзден сатып алуды келісу қорытындысын беру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт әзірлейді. Бұл зияткерлік меншік объектілерін сатып алу, ведомстволық бағынысты ұйымдардан сатып алу, сондай-ақ форумдар, көрмелер, семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шараларды өткізуге төлем жасау кезінде бәсекелестік сатып алулар жүргізу мүмкін болмаған жағдайларға қатысты.

Осындай сатып алулар кезінде нарықта басқа өндірушілердің жоқтығы туралы қорытындыны монополияға қарсы орган береді. Бұл шаралар мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын және заңдылығын арттыруға, бәсекелестікті шектеудің алдын алуға және объективті әрі негізделген шешімдер қабылдауға жағдай жасауға бағытталған.

Сонымен қатар, Агенттік тауар биржалары қызметін реттеу саласында да жаңа өкілеттіктерге ие болады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҚДА тауар биржалары туралы заңнама нормаларына сәйкес, тауар биржасының, биржалық брокердің, клирингтік орталықтың лицензиясының күшін тоқтату туралы шешім қабылдайды. Лицензияны қайтарып алу туралы ақпарат Агенттіктің интернет-ресурсында жарияланады.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап Агенттік биржалық саудаға қатысатын адал емес субъектілердің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекітетін болады.