«ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ ТЕКСЕРУ ЖАБДЫҚТАРЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ШЕКТЕГЕН

«ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ ТЕКСЕРУ ЖАБДЫҚТАРЫ НАРЫҒЫНДАҒЫ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ШЕКТЕГЕН

 

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті өтінішті қарау нәтижесінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының (бұдан әрі – Акционерлік қоғам) іс-әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады.

Қоғам «ҚазҚСҒЗИ» АҚ жобалау ұйымына барлық өткізу пункттерін жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға белгілі бір өндірушінің инспекциялық-тексеру кешендерін енгізуді ұсынған. Бұл жекелеген жеткізушілер үшін артықшылықтар тудырып, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын, атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындайтын ұйым тарапынан жасалатын бәсекелестікке қарсы әрекеттерді бұзу әрекеттеріне жатады.

Акционерлік қоғамның әрекеттерінен Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының 194-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген бұзу белгілері анықталды. Аталған тармақшада нарық субъектілерінің қызметін реттеу функциялары берілген ұйымдардың белгілі бір нарық субъектілеріне бәсекелестерге қарағанда басымдық беретін жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар беруі бәсекелестікке қарсы әрекеттер (әрекетсіздік) деп танылған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының атына тексеру жабдық нарығындағы бәсекелестікті шектеуге әкелетін әрекеттерге жол берілмеу керектігі туралы хабарлама жолданды. Өз кезегінде, Акционерлік қоғам анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдады.

Анықтама: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ – автомобиль жолдарын басқару жөніндегі Ұлттық оператор. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1055 «2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, ЕАЭО сыртқы шекараларындағы өткізу пункттерін қайта құру міндеті Қоғамға жүктелген.